- Advertisement -

Керуен күмбірі Қарағандыға жет ті

100

- Advertisement -

Тарихы терең шаһарымыздан еңселі Елордаға аттанған «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» атты этнографиялық керуен Қарағанды қаласына жетті. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай ұйымдастырылған керуеннің негізгі бағыты – Астана.
Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, мəдениет, өркениеттің рухани орталығы болған ежелгі Тараздың тарихын елге таныстыру мақсатындағы салтанатты керуенді қаланың оңтүстік бетіндегі бас қақпасынан Қарағандының қонақжай халқы ыстық ықыласпен, зор қуанышпен құшақ жая қарсы алды. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев бастаған керуенге Қарағанды облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская бастаған бір топ тұрғындар ілтипат танытып, құрмет білдірді. Қазақы дәстүр бойынша ақ кимешек киген әжелер мен ұлттық киімдегі қыз-келіншектер қонақтарға дәмнен татқызып, қадамдарына құт тіледі. Бұдан соң тараздық керуеншілер Қарағанды қаласының басты көшелерінің бірі Бұқар жырау даңғылымен жүріп отырып, орталық саябаққа аялдады. Онда думанды шара ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және жергілікті тұрғындар қатысып, тамашалады.
Жамбылдық өнерпаздар қарағандылықтарға өз өнерлерін ұсынып, тарихымызды танытатын театрландырылған қойылымдар көрсетті. Қойылым барысында Айша бибі, Қарахан, Бұқар жырау секілді тарихи тұлғалар көрініс тауып, көпшілікке керемет әсер сыйлады. Сондай-ақ, бишілер мың бұралып билесе, әншілер әуелетіп ән салды. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нарымбайұлы ақ батасын беріп, керуеншілерге ақ жол тіледі.
– Бұл бір керемет шара, тамаша бастама екен. Біз қарағандылықтар қайран қалып жатырмыз. Естелік үшін суреттерге де түсіп қалудамыз. Екі мың жылдық өткені бар Тараз шаһарының тарихынан хабардармыз. Соны танытып, өнерпаздарыңыздың өнерлерін насихаттау мақсатындағы дәл бір ерте замандағыдай түйе, ат арбамен шыққан керуен-сапарларыңыз сәтті болсын. ЭКСПО думаны аясында бас қаламызға ғажайып тарту болады деп сенемін, – дейді қарағандылық жас ақын Ерболат Қуатбек.
Айта кету керек, керуеннің құрамында 150 адам, 25 түйе, 46 жылқы, бірнеше ат арба, тазы ит, екі қыран құс бар. 30 мамырда жолға шыққан керуен 26 шілде күні бас қалаға жетеді деп күтілуде. Осы уақыт аралығында тарихи Әулиеатадан шыққан керуен 1300 шақырымды жүріп өтпек. Қарағандыға дейін 1100 шақырым қашықтықты артқа тастаған керуен енді Елордаға дейін 200 шақырымды басып өтеді. ЭКСПО-дағы Жамбыл облысының мәдени күндері қарсаңында қонақтар назарына керуеннің жүріп өткен жолдарынан, сапар барысынан құралған деректі фильм ұсынылатын болады.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support