Әлеумет

Тірлік пен бірлік табысқа жеткізеді

Тірлік пен бірлік табысқа жеткізеді

Медеумен өткен жылдан бері жақсы таныспын. Түбі сарысулық болғанымен өзі Астана қаласында тұрады. Жоғары білімді қаржыгер. Ал оның туған інісі Демеу де астаналық. Ағайындылардың құрылыспен айналысатын компаниясы бар деп естимін. Табыссыз емес. Алайда, осыдан 5-6 жыл бұрын жездесі екеуіне «туған ауылдарыңа оралып, ауыл шаруашылығын көтерумен неге айналыспасқа» деп қолқа жасайды. Алғашқыда қалада өсіп, үйреніскен екеуі «әй, ауылға барғанда жерді игеру, егін егу қолымыздан келе ме?» деп қобалжиды. Ақыры жезделері екеуін көндіреді. Сол күндерді еске алған Медеу жездесінің малына мал қосып, қорасын соғып, қаһарлы қысын өткерісіп, шыжыған шілдені атқарысып, қиындықтарға шыдағандарын жыр етіп айтады. Сондай қиналған сәттерінде бәрін жиып тастап Астанаға кетсек пе екен деп те ақылдасыпты. Бірақ «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, екеуі де райларынан қайтып, қайсарлана түсіпті. Өмір бәрін үйретеді, еңбек ширатады. Жаңа, тың ойларға жетелейді. Түсінгендері, малға жемшөп керек, адамға ас-ауқат керек. Ал жездесінің игерілмей жатқан егістік алқабы жеткілікті еді. Содан ағайындылар Жаңаталап ауылының іргесіндегі тың жатқан жерге түрен салып, алдымен көп жылдық шөп-жоңышқа егеді. Суды «Ынталы» су қоймасынан ауылға қарай тартылған Тасарық каналы арқылы алып жүреді. Жастықтарына қарамай, Қытай, Германия, Түркия сияқты елдерді аралап, олардағы жаңа технологияларға қызықтап қана қарамай, «шіркін, осы техникаларды Қазақстанда неге пайдаланбасқа?» дейді. Астанада тұрған соң «ҚазАГРО»акционерлік қоғамына бизнес-жоспарларын өткізсе, ондағылар сөзбұйдаға салып, сағызша созады. Бизнес әлемінде өз капиталыңды инвестиция ретінде салудың тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Себебі, өз қаражатың, оған сыйақы төлеп әуре болмайсың. Тек тиынына шейін санап, шығыныңды, өндірген өніміңді сатып, пайда табу үшін барыңды саласың. Бұлар да сол тәсілді қолданды. 

Рас, өткен жылы Шахановтар 40 гектар жерді игеріп, оларды тамшылатып суару технологиясы арқылы өсіріп, өндірді. Пияздың, жүгерінің, қауын, қарбыздың америкалық, жапондық, қытайлық тұқымдарын еккен еді. Олардың жайқалып өскендігін көзіміз көрді. Тіпті жүгерінің әр гектарынан 90-100 центнерден өнім жинады. Көк жуасы өте бітік өсті. Алайда толассыз жауған күзгі жауын пиязын дер кезінде жинап алуға кесірін тигізіп, шығынға батырды. Оның үстіне өнімін сақтайтын қоймалары да жоқ болатын. Дегенмен, уыстап пайда таппаса да, шығынын ішінара жапқан ағайындылар табиғаттың ол «сыйына» мойыған жоқ. Қыстай қор жинап, ерте көктемде 50 гектарға жүгері, 15 гектарға пияз, 10 гектарға бау-бақша екті. Оларды тамшылатып суару үшін Қытайдан бір мәрте пайдаланатын шлангы сатып алып, оны танаптарды кезек-кезегімен суаратындай етіп жайластырды. Тасарық арқылы келетін ағын суды сыйымдылығы 15 мың текше метрлік жасанды су қоймасына жинақтап, екі германдық су сорғыштар арқылы алқаптарға жібереді. «Өткен жылы көзіміздің жеткені бір тамшы су далаға кетпей, өсімдіктің тамырын тұрақты нәрлендіріп тұрады. Және ағын сумен салыстырғанда екі есеге кем уақыт алады», – дейді Медеу. Былтыр өскін кезінде өсімдіктерді арам шөптен тазарту үшін адам жалдап қыруар шығын кетіріпті. Биыл жеңілдетілген бағамен 14,4 тонна минералды тыңайтқыш алып, арам шөптердің алдын алу мен өнімділік мәселесін шешкен сыңайлы. Медеу биылғы аптап ыстықтың егін жайға, бау-бақшаға едәуір қиындықтар әкелгенін жасырып отырған жоқ. Әсіресе, облыстық мекемелердің шегірткеге қарсы алдын алу жұмыстарын сәл кешеуілдетуі шегірткелердің егінге лап қойып, біраз алқапты жайпағанын айтып, күйінеді ол. Дәлірек айтсақ 5 гектардай пияз алқабы шегірткенің «шабуылына» ұшырапты. Ағайындылар қалғанына береке берсін деп отыр. Бүгіндері серіктестікте 12 адам еңбек етеді. Оларға ай сайын 60-70 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Күзгі жиын-терін кезінде жалданатындар саны 10 есеге дейін өспек. Сонымен 75 гектар егіс алқабын тамшылатып суарып, талмай еңбектеніп жатқан «Жантөре – Саудакент» ЖШС-ның мүшесі Медеу Шаханов бастаған дихандары алғашқы өнімдерін де алып, тұтынушыларына өткеруде. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» туралы түйінді ойы, тамыры ауылда жатқан әр қазақ баласын ойлантса, онда ауылымыз түлеп, гүлденбей ме? Бүгінгі заманда жаңа технологияны игеру, таза экологиялық өнім өндіру, сөйтіп оны әлемдік нарыққа шығарып, «қазақстандық бренд» жасау, біздің ұрпақтың маңдайына жазылған. Сондықтан ел алдындағы жауапкершілікті жан-тәнімізбен сезініп, қазақтың да қолынан бәрі келеді деп дәлелдейік, – дейді іскер, ілкімді азамат Медеу Шаханов. Оның елдік сөзін мақұлдап, еңбегіне табыс тіледік.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.