Денсаулық саласына серпіліс керек
Денсаулық саласына серпіліс керек
Мемлекет Үшінші жаңғыртуды жүзеге асыру үшін Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді орындауы керек. Әрине, бірінші кезекте алға шығатын мәселе – адами капитал. Яғни, әлеуметтік ахуал. Президент бұл ретте білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруі тиіс екенін атап өтті. Сала ісіне серпіліс туғызатын өзгеріс неден басталуы керек? Мұны да Жолдауда атап көрсеткен Елбасы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін мәлімдеген болатын. Бүгінде еліміздегі емдеу мекемелері жаңа жүйе бойынша жұмысты бастап та кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алты айдағы жұмыс нәтижесі сараланған алқа мәжілісінде басқарма басшысы Марат Жұманқұлов бұл жүйенің тиімді тұстарын тарқата айтты. Өңірде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының» филиалы құрылып, оған басшылыққа Тараз қалалық №1 ауруханасында бас дәрігер болып қызмет атқарып келген Мавлюда Жапсарбаева тағайындалғанын мәлімдеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, міндетті медициналық сақтандырудың пайдасы көп. Ол – әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген әрі медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынатын, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсететін жүйе. Жиында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар кеңінен талқыланды. Басқарманың қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Перизат Алдабердіқызы бағдарламада көзделген нысаналы индикаторлар мен мақсаттардың қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Жалпы, облыста аталған бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Яғни, жұмыс жоспарға сай жүруде. Дегенмен, етек-жеңді қымтап, шаруаны ширата түсу де қажет секілді. Мәселен, бағдарламада 36 нысаналы индикатор бекітілсе, оның 34-і 2017 жылға жоспарланған. Бөлім басшысының айтуынша, биыл сол меженің екеуінің орындалмай қалу қаупі бар. Дерекке сүйенсек, биыл бірінші жартыжылдықта салаға 11,0 миллиард теңге бөлінген. Оның 2,3 миллиард теңгесі облыстық, 8,7 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылыпты. Медициналық ұйымдарға жергілікті бюджет есебінен 837,6 миллион теңгеден астам қаржыға 72 қажетті медициналық техника, жоспарланған 43 санитарлық автотранспорттың 21-і сатып алынған. 2017 жылға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде 17,4 миллиард теңге бөлінсе, оның осы жылдың 6,8 миллиард теңгесі жалпы дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жұмсалып отыр. Медицина мекемелерінің материалдық жағдайының жақсаруы емдеу ісіне де септігін тигізіп отыр. Ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында да тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде өлім-жітім азайған. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде 1 жасқа дейінгі 125 нәресте шетінесе, ағымдағы жылы 94 нәресте шетінеген. Бір жақсысы, осы жылдың 6 айында облыс бойынша ана өлімі тіркелген жоқ. Қолға алынған жоспарлы шаралардың нәтижесінде облыста көптеген әлеуметтік мәні бар аурулармен аурушаңдық көрсеткіші едәуір төмендеген. Дегенмен, 6 айда қан айналымы жүйесінің ауруларымен аурушаңдық 2 пайызға көбейген. Көрсеткіштің өсуі артериальді гипертензияның 35 пайызға, жүректің ишемиялық ауруларының 24 пайызға және миокардтың жедел инфаркті 42 пайызға артуынан дейді мамандар. Бұл жағдай қан айналым жүйесі ауруларынан өлім көрсеткішінің 3 пайызға өсуіне себеп болып отыр. Скринингтік жүйені енгізудің арқасында қатерлі ісік ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік туғанмен, дер кезінде дәрігерге қаралмаудың салдарынан уақытын оздырып алып, оның арты өлімге соқтырып жатқан жағдайлар да аз емес. Перизат Алдабердіқызының айтуынша, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші өңірде тұрақты болып тұр. Облыстық онкологиялық диспансердің мәліметіне сүйенсек 2016 жылдың 6 айында 100,0 мың тұрғынға шаққанда 42,0 болса, ағымдағы жылы 42,8-ді құраған. Облыстағы туберкулезбен аурушаңдық деңгейі де тұрақты сақталуда. Дегенмен, Талас, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық төмендегенімен, облыстық көрсеткіштен жоғары. Бірқатар әлеуметтік мәні бар сырқаттар мен жұқпалы дерттің алдын алу бағытында өңірде көптеген шаралар қолға алынған. Дегенмен, тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігі әлі де төмен. Соның салдарынан, кей жағдайларда мамандардың салғырттығынан кейбір көрсеткіштер жоғары болып тұр. Осы мәселе алқа отырысында сөз болды. Басқарма басшысы Марат Жұманқұлов тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымның азаймағанын айтып, емдеу мекемелерінің басшыларына бұл мәселені назарда ұстауды тапсырды. Жиында «Ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін басқарудың ықпалдастырылған үлгісін енгізу бойынша Жол картасының» орындалу барысы да қаралып, осы мәселе бойынша баяндама жасаған басқарма басшысының орынбасары Сәуле Мұқұшева бірқатар аудандардағы сала мамандарының ісін сынға алды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».