Спорт және туризм

Ел деген намысы бардың, тастан жүрегі бар

Ел деген намысы бардың, тастан жүрегі бар

Айбынды «Астана арландары» бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) үшінші рет чемпион атандыЗәк

Бұл шайқасты күллі алаш жұрты асыға күтті. Бокс әлеміндегі екі ұлы держава – Қазақстан мен Куба боксшылары шаршы алаңның «шаңын» қағатын сәтті кім назардан тыс қалдырғысы келеді дейсіз? Оның үстіне Бостандық аралының бапкерлері байрақты бәсекенің бәрінде атой салып жүрген, сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандарын Астана төріне үкілеп алып келді. Ел де, біз де алаң. Көңілдерде «Қалай болар екен?» деген қобалжу да жоқ емес. Әйтсе де, салмақ өлшеу рәсімінде жұдырығын ала жүгіріп, тілін шығарып, қарсыласын мазақтаған қарсыластарды алаш­тың айбынды ұлдары сабасына түсірсе дедік... Сонымен елорда төрін думанға бөлеген бокс кеші де басталды. Алдымен ринг төріне 49 келі салмақтағы майталмандар көтерілді. Ел намысын қорғаған Теміртас Жүсіпов сыралғы қарсыласы Йоханус Аргилагоспен қолғап түйістірді. Екі жыл бұрын елордамызда Теміртасқа ұтылған Аргилагос осы жолы қалайда қарымта қайтаруға келгені сөзсіз.

Алайда, команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпековтің кеңесін шашау шығармай тыңдаған қазақ боксшысы қарсыласынан басым түсті. Бұдан соң рингке көтерілген 56 келі салмақтағы үмітіміз Ілияс Сүлейменов те Хавьер Ибанесті жеңді. Есеп 2:0 болған сәтте жеңістің ауылы тым жақын көрінгендей еді... Үшінші кездесуде кубалықтар тізгінді қолға алды. 91 келідегі оғланымыз Антон Пинчук Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эрисланди Савонға жол берді. Иә, Антон барын салды, аянған жоқ, алайда кубалықтың мықты екенін көз көрді. 64 келі салмақтағы Ділмұрат Міжитовке ешкімнің өкпесі жоқ. Энди Крусқа қарсы шайқаста бар шеберлігін ортаға салды. Дегенмен төрешілер Куба боксшысы басым түсті дегенді алға тартты. Кейде беделдің де шешуші рөл ойнайтыны бар. Мәселен, 75 келідегі жерлесіміз Әбілхан Аманқұл кімнен кем? Әлем және Олимпиада чемпионы Арлен Кардон Лопеспен тең дәрежеде жұдырықтасты. Тіпті, төртінші раундта қазақ боксшысы мықты көрінсе де, төрешілер жеңісті кубалыққа ұстатты. Сөз жоқ, Арлен бесінші раундты алды. Нәтижесінде төрешілердің екіұшты шешімі кубалықтардың есепте алға шығуына әкеп соқты. Бірінші сессиядан кейін «Куба қабыландары» 2:3 есебімен ұтып жатты. Үзілістен соң шаршы алаңға С2 салмақтағы сайыпқырандар шықты. Алдымен рингке 81 келі салмақтағы өрендер көтерілді. Үш дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының жеңімпазы Хулио Сезар Ла Крусқа қарсы жұдырықтасқан Арман Рысбек бірінші раундта қарсыласынан басым түскенімен, әрмен қарай «Куба қабыландарының» капитаны өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, жеңісті жұлып алды. Бұдан кейін рингке 52 келі салмақтағы саңлақтар көтерілді. «Астана арландарының» намысын қорғаған жерлесіміз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев екі жыл бұрын өзі ұтқан кубалық, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Йосвани Сото Вейтиамен жұдырықтасты. Олжас барын салды. Қарсыласынан басым түспесе, кем түскен жоқ. Алайда төрешілердің шешімі кубалыққа жеңіс сыйлады. Олжас пен Әбілханның жекпе-жегі туралы пікір білдірген «Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков: «Сәттібаевтың қарсыласы түк бітірген жоқ. Бес раунд бойы қашып жүрген қарсыласқа жеңісті қалай беруге болады? Мен төрешілердің шешіміне риза емеспін. Боксшы деген Зәкір Сафиуллин мен Асланбек Шымбергеновтің қарсыластары секілді төбелесіп жеңуі керек», – деп өз ойын білдірді. Бапкерден артық кім айтсын? Есеп 2:5. Енді ұпайдан шашау шығаруға ешкімнің қақысы жоқ. Сегізінші болып шаршы алаңға аса ауыр салмақтағы саңлағымыз Олжас Бұқаев шықты. Йондри Тойракпен төбелескен Олжас жеңіске жетті. Бірінші раундта қазақ боксшысы бірнеше ауыр соққы алғанда жеңіс көзден бұлбұл ұшқандай болды. Алайда, екінші үш минуттықта мұрнын жарақаттап алғанына қарамастан, бокстасқаннан гөрі төбелесіп кеткен Бұқаев Тойракты «сындырды». Демігіп қалған «Куба қабыланының» қазақтың қайсар ұлына шамасы жетпеді. Бұқаевтың жарқын жеңісі қалған жігіттерді жігерлендірді. 60 келі салмақтағы Зәкір Сафиуллин өзі екі жыл бұрын ұтылған Лазаро Альваресті жарқын жекпе-жекте жеңе білді. Оныншы шайқаста жамбылдық жампоз Асланбек Шымбергеновке жеңуден басқа амал жоқ. Қазақтың салмағы 69 келіде жұдырықтасқан Асланбек 2015 жылы өзі айласын асырған кубалық Роньел Иглесиас Сотолонгоны жойқын соққыларымен деміктіріп, күрзі жұдырықтарымен сабады. Жеңіс! Есеп 5:5! Таразы басы теңесті! Енді бар үміт қосымша жекпе-жекте! Шешуші шайқаста шаршы алаңға шыққан 52 келідегі Олжас Байниязов ер екен. Барын, жанын салды. Бес раунд бойы Фрэнк Залдиварды соққының астына алып, жарқын жеңіске қол жеткізді! Есеп 6:5. «Астана арландары» үш дүркін чемпион! Бұл жеңіс – сөзсіз ерлік! Намыстан жаралған қазақ боксшыларының Куба перілеріне көрсеткен батырлығының үлгісі! Соңынан «Астана арландарының» капитаны, жерлесіміз, боксшы Олжас Сәттібаев AIBA президенті Чинг Куо Ву мен Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың қолынан бүкіләлемдік бокс сериясында топ жарған командаға тапсырылатын кубокты алды. Көңіл-күй құбылысына толы шайқастан соң жанкүйерлер де эйфориялық сезімнің құшағынан ұзақ уақыт шыға алмады. Ғажап!

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».