- Advertisement -

Ана тілі – ар өлшемі

360

- Advertisement -

Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойымызға сіңген туған тіл біз үшін ең қастерлі, ең қымбат. Ана тіліміз – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұрамыз. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға міндетті. Жасыратыны жоқ, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көреміз. Тіпті, туған тілінен безінетін бейшаралар мен өз тіліне менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.
Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жастың бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Қазақтың тілі – тектіліктің тұғыры, ол ұлттық намыс пен рухтың қайнар көзі. Өз тілін білмеген ұрпақ алыстан бақыт тапқанмен, түптің түбінде өз кемшілігі үшін өкінетін болады. Өйткені, көп нәрсенің байыбына барып зерделей алмайды.
Тіліміздің мәртебесін арттыру, рухани байлығымыз – ана тілімізді атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырудың бір жолы деп санаймын. Ал қоғамның бүгінгі таңдағы ең басты мақсатының бірі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін жоғары ұстап, оның қолдану аясын кеңейту. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматы ұлты мен нәсіліне қарамастан тіл мәселесін терең түсініп, жауапкершілікпен атсалысуы тиіс.
Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. «Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің, елдің ең негізгі ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Қазақ тілі – біздің ұлттық мәртебеміз!

Аяулым Жаманқұл,
тілдерді оқыту орталығының
ҚАЗТЕСТ оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support