«Шахматшы» ҚОНЖЫҚ
«Шахматшы» ҚОНЖЫҚ
(Ертегі)
Байтанғали ТӨЛЕНТАЕВ.
Тоймайтын еш ойынға, Таудан іздеп несіпті, Күркіреусу бойында, Дәубас Қонжық өсіпті.
Жаз, қысы да жарасты Әсем екен ол мекен, Қырқалары қойтасты, Тау етегі сәнді екен.
Шыңдар шырқап асқарға, Тартпайды екен көмескі, Тұрады екен тастарда Алып арқар, тауешкі.
Қойнауларда бастаулар Ағады екен сылдырап, Қарағайлар, шыршалар Билейді екен сыбдырлап.
Іздеп жолын шырқаудың Жортады екен түлкілер, Құздарында бұл таудың Ұялапты үкілер.
Білген шахмат ойнауды, Қонжық екен мақтаншақ, «Кім шахмат ойнайды?» – Дейді екен ол аттан сап!
Даусы алыс кетіпті, Бар төңірек дүркіреп. Жаңбыр жауып өтіпті, Күн құбылып, күркіреп.
Ермек керек Қонжыққа, Жинап Қарсақ, Қоянды, Ойнап ойлы қалыпта, Бәрін ұтып қояды.
Күлкі тарап өңінен, Қонжық қатты сөйлепті. «Шахмат ойнайтын менімен, Енді ешкім жоқ», – депті.
Өзі құмар мақтауға, Қонжық тыным алмапты, Алыс-алыс жақтарға, Өз сәлемін жолдапты.
Болыпты көп күлетін, Жүріпті ұшып, дедектеп. «Шахмат ойнай білетін, Шын қарсылас керек?» – деп. Ақылдасып аңдар көп, Таңданысып қалыпты. Шын қарсылас болар деп, Жас барысқа барыпты.
Риза еткен ауылды, Аты оның – Ақбарыс, Мінезімен дауылды, Елге екен ол таныс. Бармақ болып сынаққа, Керіліпті жас барыс. Дайындалып төрт апта, Әзір бопты жолға алыс.
Жеңе алмайды еш мықтың, Жоқ деп ешкім қауіпті, Дайындығы Қонжықтың Сәл босаңсып қалыпты.
Шахмат ойнау жайында Жетелеп ой жетегі, Шақпақ – өзен бойында Кездесіпті екеуі.
Көрмек болып жарысып, Қонжық, Барыс – қос жорға. Ақырын қол алысып, Отырыпты столға.
Қызығу да тым үдеп, Алып мүлде тағатты, Қарт төреші Бұғы кеп, Қосыпты іске сағатты.
Білгір Бұғы бар сыры Тұрғаннан соң басқарып, Үлкен шахмат тартысы, Кетіпті тез басталып.
Көрінбек боп шын мықты, Өзгертпей нық қалыпты, Қонжық іздеп қулықты, Қия жолға салыпты.
Сабыр сақтап сондықтан, Ойды ұстап тым алыс, Тәжірибелі Қонжықтан, Қалыспапты Ақбарыс.
Болса да аты жайылған, Қала жаздап ұтылып, Қонжық мынау ойыннан Шығыпты әзер сытылып.
Ал жас барыс тағы да Көрсетіп өз төзімін, Білдіріпті тауына Тартқандығын өзінің.
Ұтар жүріс таба алмай, Ұзап ойын жетегі, Үш күн ойнап демалмай, Тең түсіпті екеуі.
Болып жеңу уайымы, Күткен осы сынақты Ақбарыстың ойыны Қонжыққа тым ұнапты!
Көріп өрлеп шыққанын, Тырысып зор намысқа, «Тең түскенің – ұтқаның», – Депті Қонжық барысқа.
Кернеген шын шаттығы Барысты жұрт көріпті Оған енді қарт Бұғы Диплом, Кубок беріпті.
Барысқа, озып шыққан соң, Ел көңілі толыпты Қонжық болса мұнан соң Мақтанбайтын болыпты!..
Аса ауылы, Жамбыл ауданы.