Көрпемізге қарап көсілейік
Көрпемізге қарап көсілейік
Облыстық «Ақ жол» газетінің ағымдағы жылғы 15 маусымдағы №66 санында бір топ зиялы қауым өкілдерінің жаназаны шығару кезіндегі бәтуаны жөнге келтіру жөніндегі діни басқарманың шешімін мақұлдау турасында Ашық хаты жария етілді. Кеште болса қолға алынған іс-шара екендігіне қуанып қалдық. Халқымызда «жан бар жерде қаза бар» деген мақал бар. Әрі дәстүр-салтқа берік халқымыз «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп ысырапшылдықтан сақтандырған. Алайда, ата-баба аманатына сызат түсіріп, жаназа өткізуді, жетісін, қырқын, жылын беруде өздерінше намысқа тырысқан болып, адам бақилық болмағандай «той жасап» тіпті мейрамханаларда жиналып, аста-төк дастархан жаятын болдық. Бұл мүлдем дұрыс емес. Рас, ата-бабамыз армандаған тәуелсіз елге айналдық. Ширек ғасыр бедерінде экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты артты. Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы біздерді ынталандыра түсті. Өркендеу жолында тынысы ашылып келе жатқан 50 елдің қатарына ендік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ынтымағымыз жарасып, әл-қуатымыз жақсарып келеді. Қазақтың армандаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманында өмір сүрудеміз. Енді бар екен деп ойға келгенді істеуге болмайды. Сол себепті ата-бабадан келе жатқан асыл қасиеттің бірі – барға қанағат жасап, ысырапшылдыққа тосқауыл қоятын кез келді деп ойлаймын. Қазақтың қанына сіңген әдет-ғұрыптарымызды бекем ұстап дәрежесін көтеруіміз қажет деп есептеймін. Ғасырлар бойы салт-санамызды дамытып өмір кешкен халқымыз не қиыншылықты көрмеді дейсіз. Тәуелсіздік үшін күрес, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, тіптен өз тілімізден де айырылып қалудан аман қалдық . Енді біздің басты міндетіміз – салт-дәстүрімізді, діліміз бен дінімізді, тілімізді сақтап өркениет көшіне ілесу. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бізге бағыт-бағдар беріп отыр. Атап айтқанда, жұртқа имандылық қағидалары туралы уағыз айтып, қанағатшылдықты, асыра бәсекелестікті тоқтату, әсіресе адамның қиналысы, қайғырып жүргенде қонақасын, қырқы мен жылдығын беруде ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Сонымен қатар жаназа өткізуде жүйелі тәртіп болса дейміз. Жастар арасында теріс діни ағымдарға еліктеу үрдісіне жол бермеу керек. Әрбір мұсылман қазақы ұлттық салт-дәстүрге сай өмір сүруі шарт. Әсіресе әсіре діншілдікке жұрт болып тойтарыс берейік. Қысқа балақ киіп, салт-дәстүрімізден алшақтап жүргендерге ақсақалдар болып, зиялы қауым ретінде ақылымызды айтайық. Қай заманда да мұсылман қауымының, әсіресе қасиетті қазақ халқының дәстүрінде қара жамылу деген нәрсе болмаған. Оны жамандыққа шақырады деп ырымдаған. Ойымды жинақтай отырып, ата-бабадан мирас болып қалған салт-дәстүрлерді берік ұстау ұлттық кодымыз екенін ұмытпайық дегім келеді.
Талғат Жұмабек, Талас ауданының Құрметті азаматы.