- Advertisement -

ЖАҢАТАСТА ТҰЗ ЗАУЫТЫ САЛЫНУДА

100

- Advertisement -

Ауданның Шу бойындағы тұз кеніштерінің игерілуі әзірге ауданға пайда түсіріп отыр деуге келе қоймас. Ондағы тұз сатумен айналысатын серіктестіктерден жылына қанша тонна тұз сыртқа кетіп жатыр деген нақты мәлімет те жоқ. Ал Шығанақ пен Қамқалының тұзын тиеген ауыр жүк көліктерінің асфальт жолдың берекесін кетіріп жатқандығы жайлы тұрғындар айтып, дабыл қағуда. Сірә, сондықтан тұз өндіруді өнеркәсіптік негізде жолға қоятын кез жеткен. Ал тұзсыз астың дәмін көзіңізге де елестете алмайсыз.
Ен далада жатқан табиғат байлығын игеруді, оны тұтынушыға байытып ұсынуды құп көрген алматылық «Асыл тұз» компаниясы екі-үш жыл көлемінде ауданға алдымен инвестиция салып, зауыт соғуға жер телімін сұраған-ды. Ақырында еліміздің индустриалды-инновациялық даму картасының екінші бесжылдығына енгізілген, жобалық құны 422 миллион теңгеге лайықталған зауыт құрылысы өткен жылы басталған-ды.
Жаңатас қаласының батыс бөлігінде қоршалған алаңның ішінде зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр екен.
– Мына алып цехта, – дейді серіктестіктің құрылыс жұмысын үйлестіруші Мәжит Үсіпбеков, – тұз жеткізіліп, өңделіп, йодталып, арнайы қапшықтарға «Қазақстанда жасалған» деп таңбаланып, қоймаға жөнелтіліп, ол жақтан темір жол вагондарына, жүк көліктеріне артылатын болады.
Осыған қоса аудандық «Бизнес-инкубатор» мекемесінің директоры М.Бегеев серіктестікке Шығанақ және Қамқалыдағы және Талас ауданымен шекаралас Қарашеңгел тұз кеніштерінен арнайы жер бөлініп берілгендігін айтты.
Серіктестік құрылыс-монтаж жұмыстарымен 15 адам айналысуда. Құрастыру жұмыстарын қыркүйек айына аяқтау жоспарланған. Оған дейін темір жол тұйығы мен электр қуатымен жабдықтау тағы басқа да инженерлік инфрақұрылым жұмыстары аяқталмақ.
– Сәтін салса, – дейді Мәжит Үсіпбеков, – Жаңатастың ас тұзы еліміз ғана емес, шет ел нарығына дейін шығарылып, бұл зауытта 60 адам еңбек етіп, жергілікті салыққа едәуір қаржы түсетін болады.
Иә, Жаңатаста осылайша тағы бір зауыт іске қосылмақ.

Жаңатас қаласы,
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support