Астықтың түсімі ойдағыдай
Астықтың түсімі ойдағыдай
Өткен күз жауынды, қыс қарлы болды. Көктем күндері де табиғат мырзалығын танытып, жер ылғалды болды. Осыдан-ақ дихан қауымы табиғат ананың былтырғы жылғы берекесі биыл да жалғасатынын сезінді. Енді міне, шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан Шу өңірінде де егістікке орақ түсіп, ел ризығын ысырапсыз жинап алу науқаны қызды. Ақ егісті егіп, жыл сайын одан мол өнім алуды жолға қойған іргелі шаруашылықтардың бірі – Қонаев ауылындағы «Нұр-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шаруашылық жетекшісі Жұмахан Оспановтың айтуынша, олар 500 гектар жерге күздік бидай және 200 гектарға жаздық арпа егіпті. Аталмыш серіктестік егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да мықтап қолға алған.
– 2015 жылы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан» күздік бидайдың «Стекловидная – 24», Р-2 тұқымынан бес тонна әкеліп, өткен жылы одан 50 тонна элиталы өнім алдық. Былтыр күзде сол өнімді 100 гектар жерге егіп, міне, биыл күздік бидайдан 250 тоннаға жуық элиталы өнім алғалы отырмыз. Оның 150 тоннасын қырманда қалдырып, қалғанын аудан шаруашылықтарына сатуды жоспарлаудамыз. Жалпы, біз егінмен қатар мал шаруашылығымен де айналысамыз. 400-ге тарта ірі қара малын бағып-қағу оңай шаруа емес. Сондықтан мал азығын дайындау үшін де 120 гектар жерге көп жылдық шөп ектік, – дейді серіктестік директоры Жұмахан Зәукетайұлы.
Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтің айтуына қарағанда, аудан шаруалары егін орағына тастүйін кіріскен. «Шілде айынан ауданда егін орағы басталды. Оған қажетті техникалар да жеткілікті. Жалпы, аудан бойынша 90 комбайн болса, қазіргі кезде оның 88-і тұрақты жұмыс істеуде. Егіс алқабынан жиналған өнімді сақтауға арналған 21 қырманның барлығы да астық қабылдауға дайын. Күздік бидай мен жаздық арпаның бүгінгі күнгі орташа өнімділігі әр гектарға 20 центнерден айналып тұр» – деді ол. Жалпы, аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабына орналасуы өткен жылмен салыстырғанда 10123 гектарға ұлғайған. Науқанның соңына дейін 29205 гектар астықты алқапқа орақ түседі деп жоспарланып отыр. Оның 13781 гектары күздік бидай болса, 15424 гектары жаздық арпа. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» дегендей, бүгінде ауданда егін егіп несібесін асырып, дәулетін тасытып отырған шаруашылықтар жетерлік. Қазір дихандар үшін ауа райы қолайлы болып тұр, жауын-шашынсыз, күн ашық. Науқанның ұйымшылдықпен өтуіне барлық жағдай жасалған, адам күші бар, техника да тоқтаусыз жұмысқа қосылған.
Шу ауданы.
Суреттерді түсірген Петр Норкин.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».