көшелері қараңғылық құшағындағы ауыл
көшелері қараңғылық құшағындағы ауыл
немесе қауқарсыз қаулыны елемейтін Есдәулетов жарықты қашан жағады?
Үстіміздегі жылдың алғашқы айында әдеттегідей аудан әкімі мен Мойынқұм ауылдық округі әкімінің 2016 жылы атқарған жұмыстары жайлы есебі тыңдалған болатын. Онда көтерілген өзекті мәселелер көптің есінен әлі кете қойған жоқ. Есеп тыңдалғанан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев ауыл әкімі Т.Көпбаевтың жұмысына тоқтала келе, Мойынқұм ауылындағы 49 көшеге қойылған түнгі электр шамдары тек екі көшеде ғана жанатынын, қалған көшелердің 18-де электр шамдары арагідік жанса, 29 көшеде электр шамдары мүлдем жанбай тұрғанын айтып, бұл мәселені қадағалауды ескерткені есімізде. Нәтижесінде, аудан әкімінің 2017 жылғы 17 ақпандағы №27 Қаулысында Мойынқұм ауылының түнгі электр шамдарының жануын қамтамасыз ету туралы арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, оны орындау аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сәкен Есдәулетовке жүктеліпті. Оған сондай-ақ аудан әкімі Бақытжан Нұркенов 10 маусым күні болған өзінің жартыжылдық есепті жиынында аталмыш ауылдағы шамдар мәселесін 1 ай мерзім ішінде реттеуді тағы тапсырды. Бірақ, қаулыдан қайран жоқ, тапсырма тағы да орындалмай отыр. Мойынқұм ауылдық округі әкімдігінің инспекторы Мұханбетқұл Сабыров жыл басынан бері арада жеті айға жуық уақыт өтіп, жеті рет хат жазылса да бөлім басшысы Сәкен Есдәулетовтің елең қылмай, тіпті, хатқа жауап та қайтармағанына ренжулі. Осылайша, лажсыз инспектор газетіміздің сол аудандағы меншікті тілшісіне жағдайды өз көзімен көрсін деген ниетпен, түнгі рейдке бірге шығуын өтінген болатын. Қараңғыда қалған көпшіліктің қамы үшін 11 шілдеде түнде аудан әкімдігінің аталмыш бөлімінің бас маманы Мұхтар Екейбаев, «Нұр Отан» партиясы Мойынқұм аудандық филиалының сектор меңгерушісі Аян Кишкенбаев, аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің фототілшісі Асылхан Әлтай, Мойынқұм ауылдық округі әкімшілігінің жетекші маманы Мейірхан Жайлау мен инспекторы Мұханбетқұл Сабыров болып ауылдағы түнгі электр шамдарының жанып-жанбауын тексеру үшін түнгі рейдке шықтық. Нәтижесінде Мойынқұм ауылының 48 көшесінде 566 шам болса, соның 272-сі жанып, 294-і жанбай тұрғанына көз жеткіздік. Аудан орталығына кіреберістегі «Тұлпарсаз» кіші сәулет кешеніндегі Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесіне орай ашылған Керей мен Жәнібектің ескерткіші де жарықсыз қалыпты. Қазақ хандығын құрған қос ханның қараңғыда «қайғырып» отырған кейпін көргенде көңіл құлазиды екен. Келесі күні Сәкен Есдәулетовтің ұялы телефонына хабарласып тілдесе алмаған соң, басшының міндетін атқарушы Кемел Ниязалымен сөйлестік. Ол басшының кезекті еңбек демалысына кеткендігін айтып, бізге ол жұмысқа шықпай мәселеге қатысты сұрақтарға жауап бере алмайтындығын жеткізді. Сонда Мойынқұм ауылындағы жеті ай бойы жарықсыз тұрған 294 шам қашан жанады? Әлде, бұл іске жауапты басшының жұмысқа шыққанын күтеміз бе? Мойынқұмдықтардың бір уайымы – осы.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.