Жұмыспен қамту жай сөз емес
Жұмыспен қамту жай сөз емес
Биыл қолданысқа енгізілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті және дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған. Бағдарламаның мақсаты мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін негізгі үш бағытта: бірінші – жұмыссыздарды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, екінші – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, үшінші – тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту көзделіп отыр. Тұрғындарға табыс тауып, әл-ауқатын жақсартуға көмектесуді көздейтін бағдарламаның үшінші бағытында көптеген шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Ол қалай жүзеге асырылады? Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бірі – жастар практикасын ұйымдастыру шарасының «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасындағы басымдық – «Жастар практикасынан» айырмашылығы қандай? Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтай Стамқұлов осының ара-жігін ажыратып, былай түсіндіріп берді: «Бағдарламаның үшінші бағытында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру міндеттелген. Бағдарламаның үшінші бағытының операторы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Негізінен тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі: 1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар; 2) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; 3) әлеуметтік жұмыс орындарын құру; 4) жастар практикасын ұйымдастыру; 5) қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру. Осының ішінде жастар практикасын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсақ, оның бұрынғы жүйеден айырмашылығы жоқ. Бастысы түлектерінің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуына жол ашады. Мемлекеттік қолдаудың осы түрін оқуды аяқтағанына 3 жылдан және жиырма тоғыз жастан аспаған жас маман пайдалана алады. Бірақ, ұзақтығы 6 айдан аспайды». Алтай Стамқұловтың айтуынша, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша Тараз қаласында 6 жоба жасалып, ғимараттарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіледі. Соның нәтижесінде 509 жұмыс орны ашылмақ. Оның 5-еуі білім, 1-еуі мәдениет нысандары. «Құрылған жұмыс орындарына 50 пайыз, нақтырақ айтсақ, 256 адам «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы жұмысшылар тартылады. Қазіргі таңда барлық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталды. Мердігерлер анықталып, олармен келісімшарт жасалуда. Жалпы, бірінші жартыжылдықта 125 азамат жұмысқа жолданды», – дейді ол. Биыл бағдарламаның үшінші бағытын іске асыру үшін Тараз қаласына республикалық бюджеттен 215 адамға 70,0 миллион теңге бөлініпті. Оның 64,7 миллион теңгесі жастар практикасы бойынша 190 адамды қамтуға қарастырылған екен. Қаржыландыру кестесіне сәйкес жас мамандар уақытша жұмысқа жолданатын 55 мекеменің тізбесі бекітіліп, жоспарға сай жыл басынан бері 206 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен (56725 теңге) «Жастар тәжірибесінен» өтіп жатқан көрінеді. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша 25 адамды қамтуға 5,3 миллион теңге бөлінген. Қаржыландыру кестесіне сәйкес 7 мекеменің тізбесі жасалды. Әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау шарты субсидия мөлшері бекітілген жалақы мөлшерінің 35 пайызын құрайды, яғни 50000 теңге. Мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін 34 жұмыссыз жұмысқа жолданып, табыс табуда. Иә, ширек ғасырдан астам уақытта мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп, табысы ортадан жоғары деңгейдегі елге айналды. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызып, жұмыссыздық деңгейін едәуір төмендеткен еді. Дегенмен, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруда бірқатар мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып келген. Атап айтар болсақ, бүгінде нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамту үлесі жоғары. Сондай-ақ, кәсіптік оқытуда да кемшіліктер кездеседі. Кәсіпкерлікпен айналысу қолжетімділігіне және еңбек нарығындағы аумақтық теңгерімсіздікке қатысты проблемалар да шешімін таппады. Еңбек нарығында осы түйткілдерді шешу үшін Мемлекет басшысы 2016 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет алдына жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде міндет қойған болатын. Міне, енді сол тапсырма жүзеге асырылуда. Алғашқы алты айдың өзінде Президент тапсырмасы бойынша қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде атқарылған шара көп.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Тараз.