Нар тұлға
Нар тұлға
Ол кісі задында ұстамды, сабырлы, көп сөйлей қоймайтын, өз ісінің шебері еді. Ал бірақ соғыс туралы әңгіме шыға қалса, ешкімге дес бермейтін. Бұл оның «қасірет атаулыны естімесе, білмесе, одан аулақ өссе» деген әкелік парыздан туған ой екенін кейін түсіндік. Біздің аталарымыз ашаршылыққа ұшырап, зардабын тартқан. Сол жылдары қарсыз қыс, жауынсыз жазға ұласып, қуаңшылық пен ашаршылық тіршілік атаулыны жалмады. Жайылым мен шабындық, өзен-көлдің іргесіндегі көк қурап кетті. Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба және басқа аурулар да қатар келді. Кеңес шабармандардың «Қайдан тапсаң, оннан тап, қаптың түбін қақ!» деп қамшы үйіргені ысқырған жыланнан бетер болған. Қара суға талқан шылап жеп, жабайы шөпті дәтке қуат етсе де, өзегі үзілген аталарымыз жан сақтар жер іздеп шығыпты. Тау жақты бетке алып, қырғыз еліне ауып, жан сауғалауға мәжбүр болған. Әкем Әкімжан Көсеев ол кезде балалық шақтың тәтті дәмін сезінбей, он алты жасында үлкендермен қатар бар ауыртпалықты бастан өткерді. Әкем бір сөзінде: «Аштықтан титықтаған адамның қайғыруға шамасы келмейтінін білдім» деген еді. Жастайынан қолынан кетпені мен мал қайырған таяғы түспей, қара еңбекпен қатпа қара қайыстай шыңдалды. Мұның артықшылығын кейін сұрапыл соғыс жылдары көрді. 1940 жылы әкем Әкімжан Қырғызстанның Фрунзе облысы, Киров ауданынан әскерге шақырылды. Соғыс қарсаңында әскери борышты өтеу жеңіл тиген жоқ. Ертеден қара кешке дейін дайындық, түрлі жаттығулар, қару ұстауды үйрену, әртүрлі әскери жұмыстар бас көтертпеді. Қара шаруамен ширығып өскен бозбала өзі қатарластары арасында оқу-жаттығуда озық шығып, кіші сержант атағын алады. 1940 жылдың қазанынан 1942 жылдың тамыз айына дейін 63-ші Қызылтулы Витебск атқыштар дивизиясының 346-полкінде қызмет атқарады. Онда әкем санитар нұсқаушы болған. Өзі қатарлас жауынгерлер арасында еті тірі әрі қарулы жігіт қандай қиындық келсе де тайсалмапты. Соғыс басталғанда бұлардың полкі алдыңғы шептен бір-ақ шыққан. 1943 жылы белсенділігімен көзге түскен қайтпас жауынгерді Коммунистік партия қатарына қабылдайды. Бірақ әкем үшін 1944 жылдың қазан айының 4-і күні мәңгі есте қалды. Батыс 3-Беларусь майданы жан алысып, жан берісіп, отқа оранды. Ақ қар мен көк мұзды белуардан кешіп жүріп, немістермен айқасыпты. Шығыс Пруссия аумағындағы Шикарт деревнясының іргесіндегі Задрген тұрағындағы шайқас та оңай соққан жоқ. Екі жақтан оқ қарша борады. Ержүрек Әкімжан Көсеев көз алдында жараланып жатқан жолдастарын көргенде жаны шарқ ұрды. Окоптардан, сай-саладан ыңырсып, қан жалап жатқан жауынгерлер мен офицерлерді бірінен соң бірін арқалап тасып, ажал аузынан арашалап жатты. Кейінірек санитария нұсқаушысы Әкімжан Көсеевтің 71 майдангерді қанды қырғыннан аман алып қалғаны белгілі болды. Ал өзі әбден қатты жараланып, құр сүлдесі қалған. Оны бір күн, бір түн ес-түссіз төгілген қаны ұйып, үйілген топырақтың астында жатқан шалажансар жерінен тауып алады. Әкем Эван ауруханасында 1944 жылдың қазанынан 1945 жылдың қаңтарына дейін емделеді. Қан майдандағы жанкештілік ерлігі үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, «Ерлігі үшін» медалі, шайқастағы қаһармандығына «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді. Әкем соғыстан 1949 жылы оралып, бірден еңбек майданына араласып кетті. Жамбыл өңірінде, Байзақ ауданы Ақжар кентінде алдымен сүт зауытында дайындаушы, одан соң есепші, «Трудовой пахарь» колхозында бригадир қызметін абыроймен атқарды. Қайтпас-қайсар күш-жігеріне ел-жұрт тәнті болып, ерекше сыйлады, әрдайым құрмет көрсетті. Кейін осы колхозда денсаулығына байланысты қойма күзетшісі болып жұмыс істеді. Көп жылғы еңбегінде орден, медальдар және мақтау грамоталармен марапатталды. Әкеміз қосағы Ажар екеуі 5 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. 28 немере, 43 шөбересі бар. 1990 жылы 20 мамырда қайран әкем қайтпас сапарға аттанып кетті. Ол – қара желдің өтінде ыңыршағы айналып, қара нардай замана жүгін ышқына көтеріп өткен, менің ет-жүрегімде мәңгі орын алған абзал адам. Осындайда бір ақынның мынандай жыр жолдары еске түседі: Менің әкем – бабалардың баласы, Елім дейтін, жерім дейтін жүрекпен. Менің әкем – өз жұртының ағасы, Күш-қуатын сарқып беріп түлеткен. Әкемнің ғұмыры – талайлы тағдыр. «Елдің ерлігі – аузының бірлігі, ердің ерлігі – етінің тірлігі» демекші, әкем кісі жатырқамады, кісі жатсынбады, бәрі бір туғандай болып өмір сүрсе деп тілеуін тіледі. Жұрттың бағы жанып өрлегеніне балаша қуанды. Ол отбасының, туған-туысының, әулетінің ғана емес, барша ақ ниеттінің қарагері, тарлан тартқан ақтаңгері еді. Майдангерлер хақында «Ардагерлер – ерекше жаратылған ұрпақ» деген сөз бар. Өмірдің барлық тезінен аман-сау өтіп, төгілген қан мен терінің жемісі бүгінгі жасампаз ұрпақ десек, шын мәнінде мұндай кісілер артық жаратылған, ісін де, есімін де, қастерлеуге әбден лайық.
Рахима КӨСЕЕВА, майдангердің қызы.