Әлеумет

Ауылда өткен медиа-форум

Ауылда өткен медиа-форум

Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер турасында Қостөбе ауылында медиа-форум өтті. Іс-шараға округтердің әкімдері мен кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, ауыл тұрғындары, аудан жастары, медиаторлар ассоциациясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар, аудандық және ауылдық ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты. Жиында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Ақбота Атабекова, облыс бойынша медиация және құқықтық бітімгерлігінің медиаторы Сұлтан Әміркенов, облыстық Азаматтық Альянстың заңгері Абдурахман Зайнуддинов, «Даму» қоры аумақтық филиалының бас маманы Жандос Сәтекбаев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған медиаторлар кеңесінің менеджері Валентина Досыбиева, облыстық Азаматтық Альянстың директоры Раиса Рысқұлбекова мульти-медиа мен ақпараттық технологияны пайдалана отырып, баяндама жасады. Пікір білдірушілер Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға лайық екендігіне тоқталды. «Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға үлкен қаржы жұмсадық. Мұның барлығы экономиканың өсуіне және бизнесті қолдауға 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл жаңа жаһандық болмыс. Оны біз қабылдауға тиіспіз» – деген пікірлерін білдірді. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Бұл әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз. Осы орайда, ауданда шаруашылықтар жаңа технологиялар енгізу жұмыстарын қарқынды қолға алып жатқандығын атап өту керек. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары тамшылатып суару технологиясын 2013 жылы 293 гектар алқапқа, 2014 жылы 400 гектар алқапқа, 2015 жылы 702,5 гектар алқапқа енгізсе, 2016 жылы бұл көлем тағы 100 гектарға ұлғайтылып, аудан бойынша жалпы 802,5 гектарды құрады. Су үнемдеу технологиясын қолданған шаруашылықтар, дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда өнімді екі есеге дейін артық алуда. Биылғы жылы тамшылатып суғару технологиясы 900 гектар алқапқа енгізілді, оның ішінде 411 гектар алқапқа қант қызылшасы орналастырылды. Аудан көлемінде жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жыл сайын жылыжайлар саны мен көлемі артуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 7 жылыжай жұмыс істеуде, оның 2-еуі өнеркәсіптік, 5-еуі фермерлік үлгіде. Биыл «ҚазЭкоФрукт» шаруа қожалығы 50 гектар алқапқа үдемелі алма бақ отырғызды. Сонымен қатар, «Сады Востока» ЖШС 95 гектар алқапқа үдемелі алма бақ отырғызуды жоспарлауда. Ауданда мал шаруашылығында да өсім бар. «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары туралы үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бүгінгі күнге аудан бойынша 30 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ауданда мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатқан осы игі істер форум қатысушыларына кеңінен таныстырылды. Еңбек етем, кәсіп ашам деген ынталыларға қолдау барлығы жан-жақты түсіндірілді. Туған жерді түлету жастардың борышы екендігін аға ұрпақ өкілдері баса айтты. Қорыта келгенде, ауыл төрінде өткен форум көпшілікке ой салды.

Ғайни Көшекбаева, психологтар мен медиаторлар ассоциациясының төрайымы.

Байзақ ауданы.