- Advertisement -

162 миллион 292 мың теңге айыппұл салынған

130

- Advertisement -

Брифингте облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев «Жергілікті полиция – жемісті жұмыс кепілі» тақырыбында баяндама жасап, журналистердің сауалдарына жауап берді. Жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Жолдасбаев Жол жүру ережесі туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы әңгімеледі.
«Жергілікті полиция қызметі жұмысын бастағалы құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептерді анықтап, оларды жоюға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, «Құқықтық тәртіп», «Шартты», «Есеп», «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп», «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Мирас» атты жедел-профилактикалық іс-шараларының жүргізілуі облыстағы криминогендік жағдайдың бірқалыпқа түсуіне және көрсеткіштердің төмендеуіне өз септігін тигізуде», – деп атап өтті Б.Бейсеев. Өткен жыл мен ағымдағы жылдың тиісті кезеңін салыстырғанда тіркелген қылмыс көрсеткіші 8 559-дан 6 889-ға, яғни 19,5 пайызға төмендеген. Қазір жазғы демалысқа байланысты жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмыс ауқымы да артқан. Облыстағы тоғыз лагерьде қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы күзет те қойылыпты. Бүгінде аталған лагерьлерде 1668 бала демалуда.
Жасөспірімдер арасындағы суицидті болдырмау мақсатында жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен облыс әкімдігі, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларымен бірге «Жасөспірім және мектеп» атты кең көлемді акция өтіп, алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер суициді 21,4 пайызға төмендеген. Ал өткен алты айдың ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 53 (өткен жылы – 112) жыныстық сипаттағы қылмыс орын алған. Дабыл туғызатын жайт, қылмыс жасаған адамдардың көпшілігі ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрмаған және бұрын сотты болмағандар.
Есепті мерзімде 66 мың 668 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 162 миллион 292 мың теңге айыппұл салынған. Көшелерде және қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 4376 адам, қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін 2210 адам жауапкершілікке тартылған. Жергілікті полиция қызметі, облыстық әкімдік және ауыл тұрғындарының арасындағы үшжақты келісімшарт мал ұрлығының төмендеуіне өз әсерін тигізуде екен. «Көрші бақылауы» бағдарламасы да қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға оң әсерін тигізуде. «Құқық қорғау органдарына кез келген құқық бұзушылықтың жолын кесуге көмек көрсеткен азаматқа мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетіледі», – деп атап өтті полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support