Мәдениет

Өмірі бимен өрілген

Өмірі бимен өрілген

Ақтөбе қаласында өткен «Әлия гүлі» достарын шақырады» атты VII халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестиваліне Ресейден, Түркиядан және өз елімізден барған он сегіз өнер ұжымы қатарында біздің өңірден тараздық «Балауса» би-спорттық клубының және Қордай ауданындағы «Махаббат» халықтық би ансамблінің жас бишілері қатысқан болатын. Биыл Ақтөбе облысының 85 жылдығына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 95 жыл толуына, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған беделді байқаудан қордайлық бишілер лауреат дипломымен қоса Қобда ауданы әкімінің арнайы Алғыс хатымен оралды. SAM_2911«Аққу», «Алтынай», «Айжан қыз», «Айгөлек», «Қосалқа», «Келіншек» дейсің бе, көңіл тербер әуен ырғағымен ортаға шыға келген бүлдіршін бишілердің көз ілеспес жылдамдықпен қанатын жазған құстай қалықтап, енді бірде ұршықтай иіріліп, артынша буынсыз жандай иіліп, бүгіліп дөңгелене жөнелгенде деміңді ішіңе тартып, көз алмай қаларың анық. Аудан мектептерінен құралған он-он үш жас аралығындағы бұл балғын бишілер ансамбльдің отыз жылдан бергі жетекшісі, жүздеген жастарды бимен тағдырластырып, «бұлақ көзін» ашып жүрген Зияш Жазықбаеваның нешінші буын шәкірттері екенін тап басып айту қиын. Өзі де осылардай талдырмаш күнінен бимен «ауырып», мың бұралып өскен қаршадай қыздың өнері бүкіл өміріне өзек болып, адал жар, инабатты келін, балаларына қамқор ана атанып, бүгінде самай шашын ақ шалып немерелеріне әже болғанға дейін биден қол үзбеуі ненің құдіреті? Қыздар педагогикалық институтын бітірген жас маман тылсым сырлы би әлеміне біржолата бет бұрып, 1977 жылы 1-ші Бүкілодақтық жастар фестивалі аясында өткен облыстық байқауда лауреат атанып, соңынан республикалық іріктеу байқауының нәтижесінде әйгілі «Гүлдер» ансамбліне қабылданып, Алматыға жол тартқалы тұрған еді-ау! Отбасын құру да бір бақыт. Тілеужанмен бас қосқалы, біраз уақыт биден қол үзіп кеткендей еді. Бірақ, жүрек қалауы ақыры өз арнасын қайта тапты. Араға он жыл салып, 1987 жылы Т. Бәденов партком хатшысы болып істейтін «Трудовик» колхозының клубында тұсауы кесілген бишілер тобы көп ұзамай аудандық деңгейдегі бірегей ансамбльге айналды. 1993 жылы Қазақ музыка қайраткерлері одағының төрағасы Ермек Серкебаев, атақты биші Болат Аюханов ұйымдастырған бірінші республикалық балалар хореографиясы ұжымдары арасындағы «Алтын кебіс» фестивалін ашу құрметіне ие болудан бастап, «Махаббаттың» еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі өнер фестивальдері мен жарыстарда жеткен жетістіктері қомақты. Толайым табыстарының кейбіріне көз жүгіртсек, 1995 жылы Манастың 1000 жылдығына арналып Ыстықкөлде өткен халықаралық жас таланттар фестивалінің лауреаты атанып, бас жүлдені жеңіп алды. Қырғызстанның «Шығыс балалары достасады» (2001, 2017), «Достық шыңы» (2002), «Манас ұрпақтары» (1995, 2004), Эстонияның «Жастық планетасы» (2006), «Хрустальная нотка», Украинаның «Альдорадо достарын жинайды» (2008), өз еліміздегі «Шабыт» (Астана, 2002, 2003), «Бозторғай» (Алматы, 2002), «Түркістан-Наурыз-шоу» (Түркістан, 2004), «Ұлы Жібек жолы» (Тараз, 2008) т. б. өнер байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері болды. Биылғы наурыз айында Астанада өткен «Шашу» халықаралық өнер фестивалінде «Гран-приді» иеленсе, бүкіл ТМД елдерінен талапкерлер көптеп қатысатын Ақтөбедегі дәстүрлі «Әлия гүлі» халықаралық өнер фестивалінен осымен төртінші рет (2006, 2008, 2013, 2017) жүлдемен оралып отыр. Енді алдағы күзде Моңғолияда, Түркияда өтетін байқауларға шақыртулар алған. Бұл отыз жылда «Махаббаттың» құрамынан қаншама жас өрен түлеп ұшса, орны соншама жастармен қайта толығып отырған. Олардың арасында тағдырын бимен ұштастырған шәкірттері де аз емес. Бану, Аида, Гауһар, Ольга, Жазира, Әсел, Галина және басқа да арулар бірі биші, бірі хореограф, бірі оқытушы дегендей әрқайсысы әр қиырда би өнеріне қатысы бар іспен айналысуда. Тіпті, кейіннен өзге мамандықты таңдаса да, би өмірлік хоббиіне айналған шәкірттері де баршылық. Ал Зияш Еркебекқызының өз қызы Махаббаттың жөні бөлек. Ол – өмірдегі, ал ансамбль – өнердегі перзенті десек, екеуінің де атауы Зияштың өз қалауымен қойылған. 1994 жылы би ұжымы «халықтық» атағын алған жұлдызды тұста үш ұлдан кейін дүниеге келген кенже қыздың болашағы бимен байланысты болары заңды еді. Ол оқушы кезінде-ақ бірнеше дүркін халықаралық және облысаралық би байқауларында жүлдегер атанған. Ресейдің атақты балеринасы Галина Уланова атындағы жас дарындарды қолдау қорының хореографиялық жазғы мектебінде тәжірибе шыңдап қайтса, 2010 жылы Таразда өткен халықтық өнерпаздар ұжымдарының байқауында «Ең үздік биші» атанған. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен «Би әлемі» облыстық дара бишілер байқауының бас жүлдесін иеленгені және бар. Махаббат Бәденова Алматы хореографиялық училищесін тәмамдап, қазір Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының үшінші курсында режиссер-балетмейстер мамандығы бойынша білімін жалғастыруда. Ол өткен айда Ақтөбедегі «Әлия гүлі» байқауына осы оқу орны ансамблінің дара бишісі ретінде қатысты. Қордай ауданының Құрметті азаматы, бүкіл ғұмырын жастарды би өнеріне баулуға арнап келе жатқан Зияш Жазықбаеваның бимен өрілген өмірінің жарқын беттері осындай.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.