- Advertisement -

«Астана арландары» «Куба қабыландарын» жеңе ала ма?

135

- Advertisement -

Бүгін бүкіләлемдік бокс сериясының ақтық сыны. Жобада екі реттен жеңіске жеткен әйгілі «Куба қабыландары» мен «Астана арландары» өзара кім мықтыны анықтайды. Қай команда үш дүркін чемпион атануы ықтимал?
Ел намысын абыроймен қорғап жүрген «Астана арландары» «Куба қабыландарымен» 2015 жылы ақтық сында кездесіп, 6:4 есебімен жеңіске жеткен болатын. Иә, аталмыш айқаста да кубалықтар кіл мықтыларын алып келіп, жеңілістің ащы дәмін татып кеткен. Сол сценарий тағы да қайталанса дейміз. Куба құрамасы сөзсіз мықты. Дегенмен, біздің жігіттер де осалдардың қатарынан емес екені ақиқат.
Бүгін шаршы алаңда сынға түсетін жігіттер бір-бірімен етене таныс. Мәселен, 49 келідегі Теміртас Жүсіпов 2015 жылғы финалда Йоханус Аргилагосты 3:0 есебімен ұтқан еді. Соққысы сойқан, тәртібі темірдей Теміртас сол жетістігін тағы да қайталаса дейміз. Аргилагос алынбайтын асу емес. 52 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз, жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев та 2 маусым бұрын Йосбани Сото Вейтианы 3:0 есебімен тізе бүктіріп, сабасына түсірген-ді. Жеңісті серия жалғасты боларына сеніміміз кәміл. 56 келі салмақта 2015 жылы Қайрат Ералиев жұдырықтасып, Робейси Рамиреске 1:2 есебімен есе жіберсе, бүгін рингке шығатын Ілияс Сүлейменов Хавьер Ибанестен айласын асыруға күш салатын шығар. Алдыңғы финалда Лазаро Альвареске жол берген 60 келідегі «арланымыз» Зәкір Сафиуллин осы маусымда жасындай жарқырап жүр. Ендеше, қырқына шыдаған Сафиуллин қырық біріне жетіп тоқтап қалмас. 64 келідегі Ділмұрат Міжитовтен де үлкен үміт күтеміз. Энди Крус мықты боксшы. Алайда, алынбайтын қамал деуге келмейді. 69 келі – қазақтың салмағы. 2015 жылғы финалда Роньел Иглесиас Сотолонгоны соңғы үш раундта тығырыққа тіреген Асланбек Шымбергенов тағы да жеңістің туын желбіретеді деп сенеміз. 75 келі салмақта сынға түсетін жерлесіміз Әбілхан Аманқұлды ең қиын қарсыласы күтіп тұр. Әлем және Олимпиада чемпионы Арлен Кардон Лопесті жеңсе, Әбілханның атағы дүркірейді. Арлен шын шебер, бірақ оны Мейірім Нұрсұлтанов жеңгенін ұмытпауымыз керек. 81 келідегі Арман Рысбек әйгілі Хулио Ла Круспен қолғап түйістіреді. Әділбек Ниязымбетовті ұтып жүрген оны оңай дей алмаймыз. Әліптің артын бағып көрелік. 91 келідегі Антон Пинчук өзінің әлеуетін дәлелдеу үшін Эрисланди Савонды тізе бүктіре ала ма?! Алыптар айқасында рингке көтерілетін Олжас Боқаев тәжірибесі аз демесеңіз, намысты жігіт. Йондри Тирак екеуінің бойы да, күші де шамалас. Ендеше, Олжас үшін барын салатын сәт туды.
Куба боксшылары жеңілмейтін құрама емес. Оларды колумбиялықтар осы серия барысында екі мәрте ұтқан болатын. Демек, «Астана арландары» көк Туымызды көкте желбіретеді деп сенеміз. Боксшыларымызға Жаратқан қуат беріп, сәттілік серік болсын!

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support