Мақсатымыз – Халыққа сапалы қызмет көрсету
Мақсатымыз – Халыққа сапалы қызмет көрсету
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында халықтың денсаулығын жақсарту бағытында атқарылатын міндеттер жан-жақты айқындалған. Халықтың денсаулығын сақтау мемлекеттік маңызы бар мәселе болып табылады. Шу ауданы медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген осындай ауыр да жауапты міндетті нық сезініп, қызмет көрсету сапасын көтеру бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға қол жеткізілді. Ауданымызда денсаулық сақтау саласында соңғы он жылда жаңа үлгідегі аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пунктісі және бір медициналық пунктісі іске қосылып, халық игілігіне қызмет көрсетуде. 2016 жылы Қонаев дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 2017 жылы аудандағы 2 фельдшерлік-акушерлік пунктке және 1 медициналық пунктке арнап жаңа ғимараттар салу жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттарына жергілікті әкімнен шешім шығарылып, жобалау-сметалық құжаттарын рәсімдейтін мердігер анықталып, жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда биылға жоспарланған Бірлік ауылында дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері де шешімін тауып отыр. Ауруханалар мен емханаларды, ауылдық жердегі дәрігерлік амбулаторияларды медициналық құралдармен жабдықтауға қажетті қаржы бөлініп тұрады. Ауруды емдеу мен анықтаудың жаңа технологиясын пайдалану жергілікті тұрғындарды жоғары деңгейлі медицина қызметімен қамтуға мүмкіндік беруде. Қалалық ауруханада 30 төсектік травматология бөлімшесі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді, атап айтқанда, сүйек, бұлшық ет жүйесіне ота және экстрамедуллярлық тежеу остеосинтезі жасалады. Аурудың алдын алу, дер кезінде анықтау шараларына да жіті назар аударылады. Флюорографиялық тексеруден өту мәселесі қатаң бақылауда ұсталып, шалғай ауылдардың тұрғындары үшін көшпелі рентген құрылғылары қызмет көрсетуде. Әр жұмыстың нәтижесі болатыны белгілі. Медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі – халықтың денсаулығының жақсарып, өмір сүру жасының ұзаруы, медициналық қызмет көрсету сапасының артуынан көрінеді. Бүгінгі күні аудан тұрғындарының орташа өмір жасының ұзақтығы 71,4 жас болып отыр. Сонымен қатар атқарылған медициналық көмектің сапасымен халықтың қанағаттандырарлық деңгейі ауданда 69 пайызды, аудан тұрғындарының денсаулық индексі үстіміздегі жылдың бес айында 40 пайызды құрады. Биыл ана өлімі тіркелген жоқ. Нәрестелер өлімі де өткен жылдармен салыстырғанда біршама азайып, туылған әр 1000 нәрестеге 3,9 көрсеткішті құрады. Адам өміріне қауіпті дерттердің бірі саналатын туберкулезден қайтыс болғандар қатары да жыл санап тұрақтандырылып келеді. Қандай істі де ең алдымен маман шешетіні белгілі. Осы орайда, білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы да әрдайым ерекше назарда ұсталады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарға жас мамандарды тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы аудандық медициналық мекемелеріне 5 жас маман келді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Қазір жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары жоғары медициналық оқу орындарында болып, оқу бітіретін жас мамандарды тарту ісімен айналысуда. Оған қосымша аудандағы демеушілердің көмегімен 10 маман С. Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде оқытылуда. Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспейтін маңызды міндет болып отыр. Бүгінгі таңда дәрігерлердің 47,6 пайызы, орта буынды мамандардың 51,7 пайызы санатты мамандар. Қызметкерлеріміз ұдайы білім жетілдіру курстарында оқып, еліміздің іргелі медицина орталықтарында, шетелдерде тәжірибеден өтіп тұрады. Шу қалалық ауруханасында кардиологиялық бөлімшеде инсульттік төсектер ашылды және жедел жәрдем бөлімшесінде қосымша бір фельдшерлік жедел жәрдем бригадасы құрылып жұмыс жасауда. Емханаларда «Денсаулық мектептері» жұмысын істейді. Скрининг барысында анықталғандармен (қан айналымы жүйесі аурулар, холестерині нормадан артық, іс-қимылдары төмен) мектептерде осы бағытта ағарту жұмыстары жүргізіледі. Аудандық орталық және қалалық ауруханалардың жедел жәрдем бөлімшелерінде жабдықталған оқыту кластары жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде жүрек-қан тамыры ауруларының саны азаюда. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыры аурулары бойынша өлім-жітім көрсеткіші де төмендеді. Маңызды көрсеткіш – қатерлі ісіктерден болған өлім-жітім. Амбулаторлық сатыда диспансерлік есепте тұрған науқастар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі және емханаларда ер азаматтарды тексеру және маммология бөлмелері ашылды. Мамандандырылған медициналық көмектің қашықтықтан қолжетімділігін арттыру мақсатында аудандық орталық ауруханада телемедицина бөлмесі жұмыс жасауда. Телемедицина сеанстары түрлі дәрігер мамандардың қатысуымен телеконференция түрінде өтеді. Биыл 27 телемедициналық кеңестер мен 15 бейнеконференциялар ұйымдастырылды. Осы жасалып жатқан барлық игі шаралар аудан тұрғындарының денсаулығын одан әрі жақсартуға, өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізеді деп сенеміз.
Айдар Мұқатаев, Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.