Әлеумет

Меккеде шыққан Құран кітабы Ақтөбе мешітінде

Меккеде шыққан Құран кітабы Ақтөбе мешітінде

Жерлесіміз, белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдығы елімізде кеңінен атап өтіліп жатыр. Жамбылдықтар да жерлес ғалымға лайықты құрмет көрсеткені баршаның есінде. Мырзекеңе алыс-жақын шет елдерден де көрсетілген құрмет аз болған жоқ. Солардың ішінде ерекшесі меккелік азаматтардың Құран кітабын Мырзатай Жолдасбековке сыйлық ретінде жолдауы. Жақында Меккеден әкелінген көлемді Құран кітабы Талас ауданының Ақтөбе ауылындағы ғалымның өзі салдырған Ақтөбе мешітіне табыс етілді. Салмағы 9 келі тартатын қасиетті кітапты Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Шырынбек Қойлыбаев Ақтөбе мешітінің имамы Шымыртай Жолдасбековке табыс етті. Бұл шараға қатысқан облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Асхат Ақманбетов Алланың сөзі Құранның ерекшелігі хақында ғибратты ой айтты. Меккеден жіберілген кітаптың безендірілуі де ерекше екен. Мешіт имамы Шымыртай аға қасиетті Меккеден келген Құран кітапты үлкен толқыныспен қабыл алып, құнды сыйлықты тарту еткен меккеліктерге, оны Ақтөбе мешітіне сыйлаған Мырзатай бауырына, аманатты алып келген азаматтарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Талас ауданы.