Гипс өнімін өндіретін жаңа кешен іске қосылды
Гипс өнімін өндіретін жаңа кешен іске қосылды
2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Таразда тағы бір жаңа жоба іске қосылды. «Alina Taraz Pro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гипс өндіретін зауыттар кешенінің құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысып, зауыттың алдағы жұмысына сәттілік тіледі. – Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап индустрияландыру мәселесіне баса назар аударып келеді. Бұл бағыттағы маңызды міндеттерді Елбасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасында да айрықша атап көрсеткен болатын. Ол бойынша жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі салаларды да дамытуға серпін беруіміз керек. Осы бағытта біз де өз кезегімізде тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеміз. 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы екінші бесжылдығы барысында ағымдағы жылы жалпы құны 15 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын он екі жаңа жоба іске қосу көзделген. Сол бойынша 1400 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгін ашылып отырған «Alina Taraz Pro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Құрғақ құрылыс қоспаларын және жұқа ұсақталған толтырғыштар мен гипс өндіретін зауыттар кешені» жыл басынан бері іске қосылған бесінші жоба,– деді Тимур Амантайұлы. Бұдан соң серіктестіктің бас директоры Мадияр Тоқтамұратов жобаның жұмыс барысына тоқталып өтті. Оның айтуынша жалпы жобаның құны 3,9 миллион теңгені құраса, қазіргі таңда оның 1 миллиард 500 миллион теңгесі кешеннің құрылысына жұмсалған. Жылдық қуаты 36 мың тоннаға арналған кешенде алдағы уақытта жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Серіктестік басшысы өнімдерімен өз облысымыздан бөлек өзге де өңірлерге шығатындарын айтады. Құрылысқа қажетті гипс өнімдерін шығаруға жең түре кіріскен зауыт ұжымы өз кезектерінде аянбай еңбектенетіндерін жеткізді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».