Қаратаудың көшелері жаңарады
Қаратаудың көшелері жаңарады
Бұл мақсатқа 994 миллион 972 мың теңге бөлінді
Қарт Қаратаудың баурайында орналасқан Қаратау қаласы бір кезде тазалығымен, жасыл желегімен танылғаны белгілі. Дегенмен, дағдарыс кезеңінде көп қабатты үйлері мен жолдары тозып, шағын шаһар бұрынғы сұлулығын жоғалта бастағандай еді. Елбасының тарапынан еліміздегі елеусіз қалған шағын қалаларды жаңғырту мақсатында қолға алынған «Моноқалаларды дамытудың бағдарламасы шеңберінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасы аясында Қаратаудың да еңсесі көтеріліп, үміті қайтадан оянды. Бүгінгі таңда Қаратау қаласында басты үш орталық көшені қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл ретте биыл аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 944 миллион 972 мың теңге қаржы бөлінсе, облыстық бюджеттен қосымша 50 миллион қаражат қарастырылып отыр.
Осы қаржыны игеру мақсатында басталып кеткен құрылыстың қарқыны жоғары. Жол жөндеуді «БАҚ-Нұр-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр.
Біз әуелі Дінмұхамед Қонаев пен Әлия Молдағұлова көшелеріндегі жөндеу жұмыстарымен таныстық. Мұнда қазіргі таңда алғашқы тегістеу жұмыстары жүргізіліп, жол шетіне бордюрлер салынуда. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Садықбековтің айтуынша, тегістеу жұмыстарының қалыңдығы 4 сантиметр. Енді үстіне 7 сантиметр асфальт жамылғысы төселеді екен. Көше бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдың 35 мың шаршы метрі жөндеуден өтеді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың мұндай көлемде жөнделуі Қаратаудың тарихында болмаған көрінеді. Мұнан соң Бауыржан Момышұлы көшесіне ат басын бұрдық. Мұнда қайнаған қызу еңбек. Әр жұмысшының өз міндеті бар, шілденің шыжыған ыстығына қарамастан қарқынды еңбек етуде. Қосымша мердігер «АРСИКО – СтройИнвест» компаниясының телім (учаске) бастығы Болат Шаханов жұмыс барысын баян етті. «Осында 280 адам уақытпен санаспай еңбек етуде. Еңбек жалақылары уақтылы беріліп тұр. Қазіргі таңда тегістеу, тығыздау жұмыстарын аяқтап, асфальттың алғашқы жамылғыларын төсеуге кірісіп кеттік. Мұнан соң үстінен сапалы асфальт төсейміз. Үш көшені асфальттау жұмыстарын алдағы қазан айының ішінде аяқтауды көздеп отырмыз» – деді ол. Жұмыс барысын көзімізбен көріп, көңілге көп жайды түйдік. Геодезистер Битөре Дуанбеков пен Сүлеймен Нұрманов құрылыс аумағын мөлшерлеп беруден еш қателеспейді. Автогрейдер жүргізушісі Бахадур Ахунов, жұмысшы Бауыржан Дуанбеков жұмыс көркін қыздыруда. «Камаз» көлігінің жүргізушілері Айтбек Ахметов пен Әнуар Тайровтың да жұрт игілігіне айналатын жол құрылысына қосып жатқан үлестері қомақты. Қаратаудың сәні кіріп, басты көшелерінің жаңарып жатқанына қала тұрғындары дән риза. Сәтін салса көп жылдар бойы жөндеу көрмей әбден тозығы жеткен көшелер мен тротуарлар жаңарып, тұрғындардың алдағы күнге деген сенімі арта беретін болады. Аудан әкімдігі осы жұмыстардың мүлтіксіз атқарылуын қадағалап отыр.
Есет досалы, «Ақ жол».
Талас ауданы.