Байзақта берекелі тірлік бар
Байзақта берекелі тірлік бар
Облыс орталығымен ірге-лес қоныстанған Байзақ ауданында жылдан-жылға барлық сала бойынша алға жылжу байқалып келеді. Аудан еліміздің сауда айналымында сұранысқа ие сапалы азық-түлік тауарларымен де танымал. Мәселен, «Rola-7» маркалы мақтаулы макарон өнімдерінің тұтынушылары көп. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға кезекті жұмыс сапарында алдымен осы кәсіпорынға барды. Қызыл Жұлдыз ауылдық округінде 2008 жылы тек бір ғана «Чабрец» цехымен, небәрі 25 жұмысшымен жұмысын бастаған серіктестікте бүгінде 200-ге жуық адам еңбек етуде. Жұмысшылардың орташа жалақысы 60-70 мың теңгені құрайды. Цехта макарон, кеспе, жайма және басқа да ұн өнімдері заманауи технологияның көмегімен иленіп, жайылып, әр түрлі формада туралып, арнайы қаптамаларға салынып, еліміздің түкпір-түкпіріне, сондай-ақ Ресей, Молдавия, Түрікмен елдеріне үздіксіз жөнелтілуде. Серіктестік директоры Тұрсынбек Нұрбаевтың айтуынша жуық арада өнімдерін Қытайға да экспорттауды көздеп отырған сыңайлы. «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында пайыздық ставканы субсидиялау тетігі бойынша «Халық банкі» АҚ-нан 14 пайызбен жалпы сомасы 165,5 миллион теңге несие алып, үстеме ақының 50 пайызы субсидияланыпты. Осылайша 35 миллион теңге цех құрылысына, 38,5 миллион теңге айналмалы қорды толтыруға және 92 миллион теңге құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Биыл Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қытай инвесторының қатысуымен бірлескен «С.П. «Рола-Ян» ЖШС-ның макарон өнімдерін өндіретін цехын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылыпты. Жоба құны 285 миллион теңге болса, осының аясында 60 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылған. Кәсіпкерліктің бүгінгі тірлігіне оң бағасын берген өңір басшысы бұдан кейін Бурыл ауылдық округіндегі «Бірлік» шаруа қожалығында болды. Қожалықтың иесі Николай Рахметилдаев қылша алқабын көрсетіп, техникаларымен таныстырды. Биыл ол 20 гектар жерге күздік бидай, 33 гектарға қант қызылшасының «авантаж» сұрыбын, 12 гектарға дәндік жүгері, 32 гектарға пияз және 14 гектарға көпжылдық шөп орналастырған. Пияздың 12 гектары тамшылатып суғару технологиясымен қамтылған. Алқап басында Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көлемі, каналдарды жөндеу жұмыстары, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуы, аудандағы егілген қант қызылшасының жалпы көлемі туралы мәліметтермен бөлісті. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге бірсыпыра тоқталған аудан әкімі бүгінде 30 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын, оның ішінде 4 кооператив жеке қосалқы шаруашылық негізінде пайда болғанын атап өтті.
Аудандағы мал бордақылау ісіне мықтап кіріскен кәсіпкердің бірі – Көктал ауылдық округіндегі «Дулат» шаруа қожалығының иесі Мұсат Алашбаев. Сапар барысында Кәрім Нәсбекұлы бұл нысаннан да айналып өтпеді. 2014 жылы құрылып, екі жылдан соң шаруасы шалқыған қожалықта бүгінде 1050 бас мүйізді ірі қара бордақыланып, 250 тонна ет өндіріліпті. Кәсіпкердің айтуынша, еттің әр келісіне мемлекеттен 300 теңге субсидия берілген. Көбіне етті Алматы қаласына өткізеді екен. Иранға да жіберген кездері болған. Кәрім Нәсбекұлы кешенді аралап шығып, кәсіпкердің бастамасын құптап, жұмысының ертеңіне зор сенім білдірді. Себебі, табиғи, таза өнімге деген сұраныс күннен-күнге еселеп өспесе, кемімейтіні анық. Рахматілдә Сегізбайұлы аудандағы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орындалуы туралы айтып, өндірілген мал өнімдері, мал шаруашылығы бойынша төленген субсидияларды да тілге тиек етті. Ауданда бүгінде 30 балабақша бар болса, оның үшеуі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған. 2372 бүлдіршін кезекте тұр. Мырзатай ауылының тұрғыны Айша Нұрманалиева «Балапан» бағдарламасы аясында жекеменшік балабақша ашып, кезек мәселесін шешуге атсалысқан жайы бар. Ол 2016 жылдың сәуір айында ауылдағы бос тұрған үйін балабақшаға айналдырып, көптен бергі ойын жүзеге асырады. Биыл наурыз айында екінші ғимаратын іске қосыпты. Жұмыс сапарында осы «Ерсән-Жәнай» атты балабақшаны да қамтыған облыс әкімі бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, ғимарат ішін аралап шықты. «Балаға еурожөндеу, қымбат бассейннің не қажеті бар? Бастысы, баланың басынан күн өтпесе, жейтін тамағы сапалы, ойнайтын, ұйықтайтын жері жайлы болса, ата-анасы жұмысқа кеткенде қарайтын адамы болса жетпей ме? Сондықтан, осындай қарапайым балабақшаларды көбейту керек», – деді өңір басшысы. Бүгінде аталмыш балабақшада 50 бүлдіршін тәрбиелену үстінде. 18 адам жұмыс істеп жатыр. Жөндеу жұмыстарына 3 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Жалпы ауданда алдағы уақытта ашылатын балабақшалар, бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу деңгейі туралы мәліметтерді аудандық білім бөлімінің басшысы Әбдікәрім Әбдімомынов тарқатып айтты. Жуырда Астана күніне орай аудандағы Кеңес ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген болатын. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 87,4 миллион теңге бөлінген. Ғимараттың құрылысын «Рүстем құрылыс» ЖШС 3,5 айдың ішінде аяқтаған. Жаңа медициналық мекемеде қазір 4 медбике, 1 акушер, 1 лаборант ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы амбулатория бөлмелерін аралап, ем алушылармен тілдесті. Олардың арасында Кеңес ауылының тұрғыны, ардақты ана Тасбике Күсемісова алғысын жаудырып, Елбасының сындарлы саясатының арқасында халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға разылығын білдірді. Дихан ауылдық округінде биыл «Eco fruit» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған. Кооператив құрамына 10 шаруа біріккен. Олар 190 гектар жерлерінің 50 гектарына үдемелі алма бақ отырғызылыпты. Табысты бастамаға қомақты қаржы жұмсалыпты. Кооператив жетекшісі Рустам Сансызбаев 35 адам жұмыспен қамтылғандығын, алдағы уақытта жеміс-жидек қоймасын салуды жоспарлап отырғандығын айтты. Облыс басшысы бүгінде үдемелі бақ отырғызу бірқатар аудандарда біртіндеп белең алып келе жатқандығын құптады. Сондай-ақ, Өзбекстанмен шекара бекеттері ашылып жатқандығын және олардың жеміс-жидегі бізге қарағанда екі ай бұрын пісетіндігін еске салып, жергілікті егіншілер сол бәсекеге шыдас беретіндей сапалы өнім өсіру қажеттігін атап өтті. Аталмыш нысаннан кейін облыс басшысы Ботамойнақ ауылдық округіндегі 300 орындық мектеп құрылысының басында болды. Құрылысты «Корпорация Азия құрылыс» ЖШС жүргізуде. Сәуірде басталған бұл жұмыс 2018 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуе. Онда республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаражат 718,3 миллион теңгені құрайды. Сарыкемер ауылдық округінде де мектеп мәселесі кезек күтуде. Ондағы 1972 жылы пайдалануға берілген Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің тозығы жетіп, күрделі жөндеуге сұранып тұр. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев осы мәселе турасында облыстық білім басқармасының басшысымен, аудан әкімдігі өкілдерімен жөндеу жұмыстары жайлы кеңесті. Осылайша, аудандағы атқарылған және жоспарланған жұмыстарға көз жүгірткен соң облыс әкімі аудан әкімдігі ғимаратында қорытынды жиын өткізді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, бірқатар басқарма басшылары және аудан активі қатысты. Алқалы жиында Елбасы Жолдауының туындайтын міндеттер мен Үкіметтің жаңа тапсырмалары турасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Жорабек Баубеков, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабеков баяндама жасады. Сондай-ақ, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы есеп берді. Кәрім Нәсбекұлы кездесу соңында тиісті басшыларға нақты тапсырмалар беріп, жаңа тағайындалған аудан әкімінің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көтерген ұсыныстарын толықтай қолдайтындығын жеткізді.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.