Саясат

АЙБЫНЫМЫЗДЫ АСЫРДЫ

АЙБЫНЫМЫЗДЫ АСЫРДЫ

Байтуған Рыспанов, Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Соғыс жылдары дүниеге келген біздің ұрпақ ауыр қиыншылықтарды бастан кешіп өсті. Оның несін жасырамыз. 50-ші жылдардың соңында азық-түлік тапшылығы да болды. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң колхоз-совхоздар тарап, фабрика зауыттар тоқтап ел жұмыссыз қалды. Жарық сағатпен беріліп, суға зар болған уақыттар да кездесті. Сондай қиын-қыстау кезеңде өзіміз тағдырымызды сеніп тапсырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кемеңгерлік көрсетті. Елін тығырықтан аман-есен алып шықты. Экономикамыз өрледі. Әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Дағдарыстарға қарамастан Арқа төсінен аз уақыт ішінде көздің жауын алатын әсем қала Астананың салтанат құруына, оның Бас сәулетшісі ретінде ерекше үлес қосты. Күні кеше ғана Ақмола деген атауынан үркетін әлем, ол шаһарды бейбітшіліктің қаласы деп танып отыр. Ірі-ірі халықаралық бас қосуларды айтпағанның өзінде қазіргі таңда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің 115 елінен туристер келіп, таң-тамаша қалуда. Иә, бүгіндері дүниежүзі Астанаға көз салса, еліміздегі өзге қалалар да соған қарап бой түзейді. Осыдан 10 жыл бұрын Жаңатас қаласы қандай еді? Үйлері қаңырап, көшелері тозып, тұрғындардың көңіл-күйі түсіп күн көріп жатқан болатын. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Моноқалаларды жаңғыртудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қаламыз аз жылдың ішінде-ақ есін жинап, еңсесін көтерді. Қаламыздағы КазФосфат ЖШС Қаратау Тау-кен өңдеу кешені ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосуда. Ұлт Көшбасшысының Шет ел инвесторларын Қазақстанға тарту саясаты арқасында Ресейден ЕвроХим компаниясы отандық өнеркәсіп орындарымен бірігіп химия өндірісін дамытуға келген болатын. Жаңа технологиямен жарақтанған бұл компанияның еншілес серіктестері, 3-4 жыл көлемінде 2 кенішті игеріп, фабрика, зауыттарын соғып үлгерді. Сонымен бірге әлеуметтік-әріптестікке орай қаламыздың және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртуға қыруар қаржы бөліп, көп жұмыстарды тындырды. Санкт-Петербургтегі Гипс компаниясымен бірігіп қаланың бас жоспарына лайықтап, «ақылды қала» мөлтек ауданын соғудың жолдарын ойластыруда. Оған қоса бұл серіктестік ауданымызға көгілдір отынның келуіне де ықпал жасамақшы. Жаңатас қаласынан Түркістан қаласына дейін темір жол тарту, Жаңатас-Шаян автожолын қайта жаңғырту олардың жоспарында тұр. Осы жоспарлардың Үкіметтік деңгейде мақұлданғанын естіп, аудан халқы қатты қуануда. Әсіресе ауданның ардагерлері еліміздегі жаңғыртуларды бірауыздан қолдаймыз. Мұндай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» бұрын-соңды көрген емеспіз. Осының барлығы елі сүйген Елбасының еңбегі екені анық. Жасай бер, Қазақстан!

Жаңатас қаласы.