Өңір журналистикасының бүгіні мен ертеңі сөз болды
Өңір журналистикасының бүгіні мен ертеңі сөз болды
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Байланыс және ақпарат қызметкерлері мен Астана күні аясында «Аймақтық журналистика: бүгіні мен болашағы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Жиынды оқу орнының ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі Дария Қожамжарова ашып, жүргізіп отырды. Дария Пернешқызы құрылғанына биыл елу жыл толып отырған іргелі оқу орнының бағындырған белестері мен алда тұрған ауқымды міндеттерін сөз етті. «Дөңгелек үстел» басына жиналғандарды күн тәртібінің тақырыбына сай ашық пікір алаңына шақырды. Алғашқы болып сөз алған «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры, белгілі журналист М.Төлепберген өңір журналистикасының өткені мен бүгініне, телевизия саласының тыныс-тіршілігіне тоқталды. «Бүгінгі жиынның тақырыбы өте ауқымды екен. Сондықтан алдағы уақытта бұл тақырыпқа қайта оралып, оған тиісті сала мамандарын қатыстырып, мәселені қайта талқылаған жөн деп есептеймін», – деді сөзінің соңында Мейрамбек Мылтықбайұлы. Келесі кезекте сөз алған облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының орынбасары К.Оршабеков заман талабына сай газеттер бүгінде жаңашылдыққа ұмтылып, ізденіс үстінде екендігін, соңғы уақытта өңірде орыс тілді газеттерде маман тапшылығы орын алып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, басқосу барысында республикалық «Хабар» телеарнасының облысымыздағы меншікті тілшісі Н.Мергенбай, республикалық «Казахстанская правда» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі М.Тё, қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті директор-бас редакторының міндетін атқарушы Е.Әбдиев және басқалар ой-пікірін ортаға салып, қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика мамандығының қыр-сыры туралы пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында Дария Қожамжарова журналистер қашан да құрметке лайық екендігін, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлікте жұмыс істеу оқу ордасының басты бағыты болып отырғанын айта келіп, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры М.Төлепбергенді, облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы К.Сәттібайұлын және облыстық «Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы Б.Момынқұлды Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының елу жылдық мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Басқа да бірқатар журналистерге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».