Ақтоғайда ақтылы қой өргізген
Ақтоғайда ақтылы қой өргізген
Жаңатасқа апарар күре жол бойындағы екі ауданның түйісер шекара-шегінің тұсы ілгеріде осы жерді қыс қыстауы еткен шопанның есімімен байланысты Қозысай аталады. Одан беріде көп өзгерістер орын алды. Бағзы кездегімен бүгінгінің арасы жер мен көктей. Көне қыстау орнынан ауқымды қоражай еуроүлгіде салынып, бой көтерген. Осындағы екі пәтерлі үйде «Дулат» шаруа қожалығы басшысының әулеті қойшысымен бірге тұрады. Шаруашылық жетекшісі Тахир Гайсин ұзын бойлы, шашы тікірейген жігіт ағасы жасындағы азамат, мақтанға жоқ жан екенін бірден танытты. – Өзінің адал еңбегімен шаруасын күйттеп жүрген азаматымыз, – деп ауылдық округ әкімі Оңласын Мұқашов оның мақтауын жеткізіп жатыр. Шаруаға бейім болғанымен, сөзге сараңдау жігіттен суыртпақтап сыр тартып, шаруасының жәйін әрең дегенде білдік. Ұсақ малының саны биылғы төлін қоспағанда – 1300-дің үстінде екен. Бұдан өзге 15 сиыры мен бір үйір жылқысы бар. Бізді, әсіресе, оның бұл салаға қалай келгені қызықтырған.
– Тау-кен байыту комбинатында істеп жүргенмін, – деді ол бұл тұрғыда, – әкем қайтыс болғаннан кейін анам қолына келуімді өтінді. «Мал-жанға енді өзің еге бол» деген тілегін орындамасқа амал бар ма? Содан ағайындылар болып мал басын біртіндеп көбейттік. Қайта құрумен, тоқыраумен, дағдарыспен байланысты қиын кезеңдердің барлығын Тахир да ауылдастарымен бірдей басынан өткерген. Әкесі де, анасы да жасынан адал еңбек етуге баулып, «Біреуден сұрағанның екі көзі шығады», кеудесінде намысы, көзінде оты бар, қол-аяғы сау адамның біреуден тіленгені, әр нәрсенің басын шалып берекесіз тірлік кешуі жарамайды, – деп ұдайы намысын қайрап, жігерін жанумен болған. Тахирдың бүгінгі күні ата-ана ақылының өте орынды екендігіне көзі анық жетіп отыр.
Оның әулеті бүгінде Ақтоғай ауылындағы бақуатты отбасының бірі. Оның үстіне Үкімет те ілкімді де іскер азаматтардан қолдау, көмегін аямауда. Соңғы үш жылда «Алтын асық», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламаларының арқасында қомақты несие алып, иелігіндегі малы басын едәуір көбейткен. Қалада тұратын інісі қора-жайын да жақсылап соғып беріпті. Ауыл шаруашылығын субсидиялау есебінен 10 миллион теңгеге тереңдігі 200 метрлік құдық та қаздырып алған. Өзі бұған кеткен шығынның 20 пайызын ғана өтепті. Субсидиялау шарты сондай. Біле білгенге мемлекет тарапынан көмек мол болып тұр ғой. Қожалықтың несиеге алған МТЗ-82 тракторы құнының 50 пайызы мемлекет есебінен өтелген. Ауласы мен қора-жайлары аумағына он екі әйнекті күн батареясын орнатып алған ағайынды Гайсиндер жыл – он екі ай бойы жарықтан да тарықпайды. – Күннің жинақталған қуатын қора ішіне орнатылған жарық көздеріне де жеткізіп, мал төлдету науқаны кезінде рахатын көрдік, – дейді Тахирдың кіші ұлы Фархад. Ал Дулаттың айтуынша, үйден 200 метрдей жердегі құдықтан су шығару да қиын емес. Бұл үшін жерасты электр желісі арқылы су сорғышты іске қосып, әуітке қалағаныңша су жинауға мүмкіндік бар. Еңбекқор әулеттің үлкенінің де, кішісінің де астында «Джип» автокөлігі. Маң даладағы малшы үйі «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» емес. Қалалықтар тұрмысынан еш кемі жоқ. – Екі ұлымды да жасынан еңбекке баулыдым, – дейді Тахир, – қалаға барып күн ұзақ базарда арба сүйреп арам тер, тауар сатып қамау тер болғанша, өздеріңше кәсіп етіңдер деп үйреттім. Еңбекқор қол әсте ерінбейді ғой. Тахир Гайсин өздеріне тиесілі жайылымдықтары жоқ екенін де жасырмады. Жонның үсті – егіс. Алайда бірқатар әріптестерімен өзара келісіп, олардың жайылымдықтарын уақытша пайдалана тұруға келісіпті. Осы орайда «Жайылым туралы» Заң талаптарына сай ауыл әкімдерінің жайылымды мал санына қарап реттеуге құзыреті барын ескерсек, бұл да алдағы уақытта шешімін табатын іс. Оны былай қояйық, сарысулықтар күндердің күнінде ауданға қарасты баяғы Арқа жайлауын мал жайылымы ретінде пайдалану қажеттілігі туындайтынын да айтып жүр. Өйткені, ауыл маңындағы өріс жылдан-жылға тарылу үстінде. Оның үстіне мың қой айдаған Гайсин секілді кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Қазақтың байығаны да жақсы. Елде болса ерінге тиеді емес пе?!
Ақтоғай ауылы, Сарысу ауданы.