Әлеумет

«Ақсүйек-Бурылбайтал» учаскесі қайта жаңартылмақ

«Ақсүйек-Бурылбайтал» учаскесі қайта жаңартылмақ

Брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Дәурен Тоқтаров, осы филиалдың пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Дәурен Төлтаев облысымыздағы республикалық маңызы бар автожолдар туралы айтып берді. Облыс бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1237 шақырымды құрайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» филиалы осы жолды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде 495 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізінің қайта жаңарту жұмыстары аяқталыпты. Оның 295 шақырымы бірінші техникалық санатты төрт жолақты болса, 200 шақырымы екінші техникалық санатты екі жолақты. Жол жамылғысы 13 тонна осьтік салмаққа және 20-25 жыл қызмет көрсету мерзіміне есептелген. Автожолдардың құрылысы мен қайта жаңарту учаскелері Азиялық және Исламдық даму банктері тарапынан қаржыландырылған. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінен тәулігіне 7500 көлік өтеді. Өткен жылдың бес айымен ағымдағы жылдың тиісті мерзімін салыстырғанда жол-көлік оқиғасы отыз пайызға артқан. Биыл «Алматы-Қордай-Благовещенка-Меркі-Ташкент-Термез» автомобиль жолының 162-260 шақырымындағы «Қордай асуын айналып өту» учаскесінің екінші кезеңін бірінші техникалық санатты етіп салу көзделген. Мердігер «Казахдорстрой» ЖШС-мен келісімшарт жасалыпты. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Астана-Қарағанды-Балқаш-Қапшағай-Алматы» автожолының «Ақсүйек-Бурылбайтал» учаскесі де қайта жаңартылмақ. Қазіргі уақытта мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталмақшы. Шілде айында «Эксим Банк» (Қытай) қаражатымен «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жолының қайта жаңарту жұмыстары басталуы тиіс. Жалпы биылғы жылға республикалық мәні бар автожолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 1,1 миллиард теңге бөлініп, оның жетпіс пайызға жуығы игеріліпті. Осы жолдың бойындағы жол белгілері, жарық бағаналары, қоқыс тастайтын контейнерлер сияқты мемлекет мүліктерінің ұрлануы мен бүлінуі әлі күнге дейін тыйылмаған. Мәселен, бес айдың ішінде осы мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөлімдеріне 13 арыз-шағым берілген. Тағы бір жайт, жұмысшылар аптасына екі мәрте тазалап тұрғанымен, жол бойындағы қоқыс контейнерлерін елді мекен тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын төгетін орынға айналдырып алды, деп қынжылыс білдірді «ҚазАвтоЖол» мамандары.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».