- Advertisement -

Қозғалтқыштың төртінші буынын жетілдірген

92

- Advertisement -

өнертапқыш Күзембек Байбеков Таразда тұрады
Іштен жанатын қозғалтқыштардың төртінші буынының жетілдірілген, жеңіл, экологияға зиянсыз, өте қарапайым түрін ойлап тапқан өнертабыс иесінің Тараз қаласында тұратынын естігенде елең ете қалдық. Оның ашқан жаңалығының ерекшелігі, құндылығы неде дейсіз ғой. Енді соған келейік.
Жалпы, жылулық қозғалтқыштың піспекті (поршеньді) қозғалтқыштар (іштен жану қозғалтқыштарының көпшілігі, бу машиналары), піспекті сығымдауыштар (компрессорлар мен сорғылар), роторлы қозғалтқыштар (мысалы, Ванкель қозғалтқышы) және реактивті қозғалтқыштар болып төртке бөлінеді екен. Күзекең осының ішінде Ванкеліңіздің өзіне едәуір түзету енгізіп отыр.
– Бұл – өте күрделі мәселе. Осы салада бүгінде Кузнецов, Ванкель сынды өнертапқыштардың модельдері кеңінен қолданылуда. Меніңкі олардан гөрі жеңіл әрі қарапайым, экономикалық һәм экологиялық тұрғыдан да тиімді. Қосалқы бөлшектерді де аса көп керек етпейді, материалдары да арзан. Ал техникалық тербеліс жоқтың қасында, сол себепті де ол ұзақ уақыт пайдаланылады. Бәрін есептей келгенде пайдалы әрекет коэффициенті өте ауқымды. Цилиндр санын шеңберге сыйғанынша 12-ге дейін қоюға да болады. Әзірге төрт цилиндрлісін ғана ұсынып отырмын. Олардың санын көбейткен сайын қуаттылығы да еселене бермек. Қозғалтқыштың піспекті түрінде тұтатқыш шырақ (свеча) көмегімен толық жанбай жатып, отынды қосымша сору үдерісі жүреді де, түтін түтеп кетері бар. Ал мен ұсынған модельде берілген отын қалдықсыз жанады. Мұны жасауға екі жыл уақытым кетті, – дейді өнертапқыш Күзекең.
Ол осы роторлы-ортадан тепкіш іштен жанатын қозғалтқыш нысаны үшін Әділет министрлігінің №97087 патенті – авторлық куәлігін де алыпты. Талас ауданының С.Шәкіров ауылында туып-өскен азаматтың бойында жаңалық ашуға деген құлшыныс ертеден-ақ, Алматы политехникалық институтын бітіріп, бір мекеменің өндірістік-техникалық бөлімінде қызмет етіп жүрген кезінде пайда болған екен. Шатыр жабынын автоматты түрде төсеп, таптайтын шағын аппарат ойлап тауып, бұл туралы «КСРО құрылысы» атты журналда егжей-тегжейлі жазылыпты. Оның айтуынша, жаңадан ойлап тапқан қозғалтқышын патенттеуге қатысты мекемелермен мәмілеге келуі оңайға түспеген. Дұрысында жаңалығын тіркеуге алатын мекемені облыс көлемінен қолына шырақ алып іздеп, таппай, тауы шағылып, тауаны қайтқан сыңайлы. Тек ТарМУ-дың тиісті орындарға ұсынуының арқасында бұл іс бір ыңғайға келген сыңайлы. Оның қорытындысын алудың өзін жарты жылдан астам уақыт күтуіне тура келген.
Ол төрт жаңалық ашқан екен. Оның алғашқысы жоғарыда айтып өткен таптағыш каток битуммен руберойдты жапсыруға арналған. Әдетте, бағзы кезде битум жерде қыздырылатын, сосын жоғарыға жеткізіліп, төселіп, қарақағаз жапсырылатын. Машақат тірлік еді. Күзекең ойлап тапқан, ішіне орналастырылған электрлі жылытқыш көмегімен битум ерітілетін катокті қолмен итеріп жүріп, руберойдтарды бір-біріне жапсырудың мүмкіндігі туды. Бұл аппарат қазір де құрылыста кеңінен пайдаланылуда.
Күзембек Ниязбекұлының екінші жаңалығы – едендік тақтайларды өзара біріктіру әдісі еш жерде жарияланған да, қолданылған да жоқ. Оның тиісті мекемелерге жолданған түпнұсқасын автордың өзі кейін қанша іздестірсе де, таппай қалған. Біртұтас одақтың ыдырап, бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуінен өнертапқыш азаматтың ізденісі орта жолда доғарылған сыңайлы.
«Өзім бертінге дейін мамандығым құрылыс инженері бола тұра, Талас ауданындағы Амангелді газ ЖШС-ында жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Онда негізінен вахталық әдіспен еңбек еттік. 15 күн анда, 15 күн мұнда дегендей. Нақты бір ой еңбегімен айналысып, жаңалық ашуыма уақыт тым тапшы болды. Енді зейнетке шыққаннан кейін бұл істі ақырындап қолға алып жатқан жайым бар. Оған да білім мен білік керек. Талай-талай ғылыми-техникалық әдебиеттерді ақтаруыңа тура келеді. Сондай ізденістен туған еңбегімнің бірі осы – роторлы қозғалтқыштың жетілдірілген түрі. Алдағы уақытта астық жинайтын комбайнның құрылымын өзгертетін бір өнертабыстық еңбек дайындап қойдым. Оны әлі еш жерге жолдаған жоқпын. Бүгінде жасым алпыс жетіге келді. Үйде қарап жатқанша, елге септігім тисін, адамдар білімімнің игілігін көрсін деген ниет менікі», – дейді К. Байбеков.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде, оның ішінде өңірімізде жаңалық ашушылардың өзі баршылық. Тек оны патент алу үшін тіркету қиын. Ашылған жаңалықтар өндіріске жаппай енгізіліп жатпағаны белгілі. «Мысалы, менің жаңалығым тек теория жүзінде дәлелденгені болмаса, әлі нақты іске асқан жоқ. Өзімнің қолымда автокөліктің моторы (қозғалтқышы), құрал-сайманым, жеке цехым, зауытым жоқ. Өндіріс орындары өтінішімді орындауды айтасыз, есігінен де сығалатпайды», – дейді өнертабыс иесі.
Осыдан ондаған жыл бұрын тараздық бірқатар патриот азаматтардың «Тараз тұлпары» деген атпен өзіміздің отандық жеңіл автокөлігімізді шығару жөнінде газетімізде бастама көтергені де есте. Бүгін, міне, соны жүзеге асыратын сәт туған секілді. Қазақстанның брендіне айналар қозғалтқыштың төртінші буынының жетілдірілген, еш елде жоқ нұсқасы қолымызда тұр. Қазақ атын алысқа танытар елжанды кәсіпкерлеріміз қайда жүр екен?! Солар осынау жобаны іске қосуға құлшыныс танытып жатса, қанеки!

Мына төмендегі сызбада көрсетілгендей, роторлы қозғалтқыштың корпусы (1) цилиндрінің қуысында бір-бірінен бірдей қашықтықтағы ойыстармен жабдықталған ротор (2) орналасқан, ол корпустың ішкі қабырғасынан жану камерасын (3) түзеді. Алдын ала дайындалған ауа аралас отын қоспасы коллектор (5) арқылы жану камерасына (4) түседі. Корпустағы электр шырақтары (6) қоспаны жандыру құралы ретінде ұсынылған.

Баймаханбет Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support