Спорт және туризм

Жеңіл атлеттеріміз Азияда үздік үштіктен көрінді

Жеңіл атлеттеріміз Азияда үздік үштіктен көрінді

Үндістанның Бхубанешваре қаласында жалауы желбіреген Азия біріншілігінде жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының саңлақтары тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте үздік үштікті қорытындылады. Додада қазақстандық спортшылар сегіз медаль иеленді. Оның төртеуі алтын болса, екеуі күміс, екеуі қола жүлде. Жарыстың соңғы күнінде 200 метрлік қашықтықта қоржынымызға қос жүлде түсті. Желаяқ Виктория Зябкина қарсыластарын шаң қаптырып, алтыннан алқа тағынса, екінші орын шри-ланкалық Румешика Кумариге, үшінші орын тағы бір отандасымыз Ольга Сафроноваға бұйырды. Естеріңізге сала кетейік, Азия чемпионатында эстафеталық сында Қазақстан әйелдер құрамасы қарсыластарынан оқ бойы озық болып, алтыннан алқа тағынса, үш қарғып секіруден ұлттық құрама спортшылары Марина Овчинникова мен Ирина Эктова алтын мен күмісті өзара бөлісті. Ұлттық құраманың көшбасшысы Ольга Рыпакова бұл сынға қатысқанда жарыстың жиынтық медалі біздің қоржында қалар ма еді? Жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінген жеңіл атлеттеріміз тек Үндістан мен Қытай спортшыларына ғана жол берді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».