Берлиннен жеткен қуаныш
Берлиннен жеткен қуаныш
Жүзу спортының шебері Зүлфия Ғабидуллина тағы да әлемдік рекорд орнатты
Германия астанасы Берлин қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар арасында жүзу спортынан Германияның ашық біріншілігі өтіп жатыр. Аталмыш додада ел намысын Рио Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, сондай-ақ, Наталья Звягинцева, Әнуар Ахметов, Дмитри Ли секілді өзге де спортшылар қорғауда.
Байрақты бәсекеде әлем назары жамбылдық спортшы, Рио Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллинаға ауды. Дуы басым додада қарсыластарын шаң қаптырған қайсар жан 200 метрлік еркін жүзу сынында 03:26,65 уақытын көрсетіп, әлемдік рекордқа түзету енгізді. Бәсірелі жарыста жоғары нәтиже көрсете білген жамбылдық саңлақ 100 метрлік еркін жүзу сынында да үздік шығып, жанкүйерлерін желпінтіп тастады. Сонымен қатар Зүлфия Ғабидуллина 50 метр қашықтықта арқамен жүзу әдісі бойынша екінші орынды иеленді. Жүзу спортында жұлдызы жарқырап жанған Зуля осылайша 12 дүркін әлем рекордының иегері атанып отыр. Паралимпиададан кейін Токио қаласында 2020 жылы жалауы желбірейтін байрақты бәсекеге қатысуды ойластырып жүргенін айтқан Зуляның жеңіске деген құштарлығы көңілдерде үміт отын тұтатады. Иә, жыл өткен сайын әлемдік рекордтарды кезегімен жаңалап жатқан Ғабидуллинаның Токиода екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанатын мүмкіндігі мол екені сөзсіз. Біз оған сенімдіміз. Тек жарақаттан аман болсын!
Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».