Экономика

Мүгедек жандардың мүддесі ұмыт қалмасын

Мүгедек жандардың мүддесі ұмыт қалмасын

Облыста бейімделуге тиісті 939 әлеуметтік нысан белгіленген. 2013-2016 жылдары 759 нысанның 704-інде бейімдеу жұмыстары жүргізілсе, 464-індегі құрылыс жұмыстары толыққанды талапқа сай. Тараз қаласы мен аудандардағы қазіргі мәлімет осындай. Ең жоғарғы көрсеткіш Меркі ауданында (91,5 пайыз) болса, Талас ауданы 2,2 пайыздық көрсеткішпен көш соңында қалып отыр. Бұл облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мәлім болды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, есепті кезеңде бейімделуге тиіс 759 нысанның 52-сінде тиісті жұмыстар мүлде жүргізілмеген. Атап көрсетсек, мемлекеттік басқару саласының – 9-ы, медициналық ұйымдардың – 8-і, білім мекемелерінің – 8-і, мәдениет ошақтарының – 2-еуі, көлік саласы бойынша – 3 және тағы да басқа 20 нысан осы тізімге кіреді екен. Өңірімізде құрылған жұмыс тобы жүргізген зерделеуге сүйенсек, аймақта 100 пайыз бейімделген бірде-бір нысан жоқ екен. Мәселен, Сарысу ауданы 53 нысанды толық бейімделді деп көрсеткенімен, нақты алғанда бірде-бір ғимараты мұндай талапқа сай болмай шыққан, тактильді жолдар орнатылмаған, арнайы белгілері мен көрсеткіштері жоқ, пандустың ұстағыштары да нормаға сәйкес келмейді. Ағымдағы жылы бейімдеу жұмыстары жүргізілетін 115 нысанның 76-сына 41,8 миллион теңге бөлінгенімен, қажетті қаражатты 100 пайыз Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов ауданы ғана қарастырыпты. Меркі мен Жамбыл ауданында белгіленген 14 нысанның 9-ына, Байзақ ауданында 13 ғимараттың екеуіне ғана қаражат бөлінсе, Жуалы мен Мойынқұм аудандары бұл мәселені мүлдем ұмыт қалдырыпты. Нәтижесінде облыс бойынша 39 нысанға қаражат жеткіліксіз болып отыр. Ал инватакси қызметі Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Қордай,Талас пен Шу аудандарында 1156 мүмкіндігі шектеулі жанға ұсынылса, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандары мұндай игілікті істен шет қалған. Облыс әкімі Кәрім Көкірек-баевтың көңілі толмайтынындай бар. Жоспарлы шаралар бар болғанымен, нәтиже мардымсыз. «Жорабек Нұрмергенұлы, облыстық аппараттық кеңестерде айтып, бұл мәселені бұған дейін неге өзіңіз көтермейсіз? 52 нысанда бейімдеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеуін немен түсіндіресіз? Өзіңіздің хабарламаңыз арқылы жасаған жұмысыңызға нашар баға беріп отырсыз. Мүмкіндіктері шектеулі жандардың жағдайына дендеп қарадыңыз ба? Аудан әкімдерімен бірлесіп, жұмысты қадағаладыңыз ба? Бұл мәселені жолға қою керек, арқаны кеңге салуға болмайды», – деген Кәрім Нәсбекұлы басқарма басшысына шегелеп тұрып, нақты тапсырмалар берді. Облыс басшысы Тараз қаласы мен Жуалы ауданының әкімдеріне де осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті. Жиында ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша мәселе де қаралды. Биыл облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 77,9 балды құраған. Бұл – былтырғы деңгейден төмен нәтиже. Жуалы ауданының оқушылары – 91, Байзақ ауданы – 88,3 балл жинап, жоғары көрсеткіш көрсеткенімен, Қордай ауданы – 67,8 балл, Шу ауданы мен Т.Рысқұлов аудандары 67,5 балмен облыстық көрсеткішті артқа тартып отыр. Кәрім Нәсбекұлы облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға және аталған аудандардың әкімдеріне білім бөлімінің басшыларына, көрсеткіші төмен мектеп директорларына жаза қолдануды, қажет болса қызметтен босатуды тапсырды. Аппараттық кеңесте биылғы жартыжылдықтағы бюджет қаржысының игерілуі және осы айдың соңында Елордада өтетін облыс күндеріне қатысты шараларды ұйымдастыру, мал ұрлығының алдын алу бойынша да бірқатар мәселелер қаралды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қаралған мәселелер бойынша жұмысты жіті қадағалауды орынбасарларына, аппарат жетекшісіне және жауапты басқарма басшыларына шегелеп тапсырды.

Есет досалы, «Ақ жол».