- Advertisement -

МЕХАТРОНИКА ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚ?

855

- Advertisement -

Елбасымыз Жолдауында атап өткендей, қазір әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Бұл үдеріс бірнеше жылға созылған жаһандық экономикалық дағдарысты еңсеруге мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Дегенмен, ол сын-қатерсіз өтуі мүмкін емес. Сондықтан біз қазірден бастап «ақпараттық технологиялар төңкерісі бізге қандай қауіп төндіреді?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Мемлекет басшысы бұл проблеманы былай тарқатады: «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет». Иә, экономикамызда жаңа салалардың пайда болуы өз кезегінде жаңа міндеттерді туындатады. Ол – заман ағымына ілесетін білікті әрі сұранысқа сай мамандар дайындау талабы.
Мәселен, біздің қоғамға мехатроника термині таңсық. Әйткенмен, ол 1969 жылы пайда болған. Мехатроника – механика және электроника деген екі сөздің бірігуінен шыққан. Бұл электронды-есептегіш техниканы басқару негізінде жұмыс жасайтын және жылжушы машиналарды қолдану мен жасалуына негізделген ғылым. Ғылым негізіне компьютерлік технология көмегімен машиналарды басқару және микропроцессорлық техника, информатика, механика принциптері қойылған. Қазіргі таңда мехатроника және соған ұқсас тақырыптар бойынша көптеген кітаптар мен мақалалар бар, сондықтан бұл пәнді оқу ешқандай да қиындықтар тудырмайды.
Мехатроника мен робототехниканы көбісі ұқсас деп түсінеді. Робототехника шын мәнінде мехатроника принциптеріне негізделген және автономдық машиналардың кез келген дамуы соның ғана шегінде мүмкін. Мехатрондық жүйелер, әдетте, үш негізгі құрамдас бөліктерден құрастырылған. Сонымен қатар, олар компьютерлер көмегімен басқарылады және анықтау бойынша өндірістік және тұрмыстық міндеттерді орындауды автоматтандыруға бағытталған. Мұндай жүйелерді технологиялық ортада орналасқан, тұтас бір ағза ретінде қарастырса болады.
Мехатроника – ертерек пайда болғанымен, өзінің қажеттілігі кеш айқындалған, енді-енді қарқынды дами бастаған ғылым.Мехатроникалық жүйелер үш құрамдас бөліктен құралады. Біріншісі – электромеханикалық. Бұл – бөлім жүйенің механикалық жұмысын және қозғалысын қамтамасыз ететін ең маңызды элемент сонымен қатар онда сол немесе басқа да объектінің физикалық параметрлерін тексеруге мүмкіндік беретін түйіндік рөлді сенсорлар атқарады. Ал электрондық бөлікке микроэлектрондық платаларды, күштік түрлендіргіштер мен өлшеу тізбектерін жатқызуға болады. Жүйенің «миы» – компьютерлік бөлік. Жүйенің қалған барлық бөліктері осы бөлікке қажетті ақпаратты ұсынады, ал ол, өз кезегінде оның бақылауындағылар үшін қажетті әрекеттерді анықтайды.
Жалпы, бұл дамып келе жатқан ғылым болғандықтан, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 23 мамырдағы № 237 бұйрығы негізінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде эксперимент ретінде жаңа оқу жылынан бастап, төрт жыл мерзімімен Мехатрониканы бакалавриат бағдарламасы бойынша оқыту қолға алынбақ. Енді ТарМУ осы мамандықты бакалавриат және магистратура мамандықтары шегінде екі дипломдық білім алуды жүзеге асыра бастайды.
«Мехатроника» мамандығы бойынша білім бағдарламасы Люблин политехникалық университетімен (Польша) бірге іске асырылатын болады. Осы меморандум негізінде үздік дайындалған студенттер 3-курстан бастап оқуын аяқтау үшін ең заманауи оқу-ғылыми зертханалық базасы бар Люблин политехникалық университетіне (Польша) жіберіледі. Білім алғаннан кейін конструктор көмекшісі, программист немесе техник ретінде жұмыс істей алады. Сонымен қатар, кәсіпқой мамандар тұрмыстық және өнеркәсіптік роботтарды жасау мен жобалау, конструктілеумен айналысады.
Қазіргі заманда бұл ең перспективті бағыттардың бірі. Тұрмыстық, өнеркәсіптік, көңіл көтеретін, қызмет көрсететін немесе ғылыми-зерттеу роботтары болсын, робототехникалық құрылғыларға сұраныс жылдан-жылға өсуде. Бірақ, осы салада білікті мамандар жетіспеуде. Сондықтан ірі корпорациялар немесе ғылыми-зерттеу орындары біліктілігі мен білімі бар, өз бетінше оқып-үйренгендерді жұмысқа қабылдауға мәжбүр.

Айнұр Орманбекова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Автоматика және телекоммуникация»
кафедрасының оқытушысы, магистр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support