- Advertisement -

Білімді, білікті тұлғаның жолы балабақшадан басталады

144

- Advertisement -

Президент айтқандай, еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін бұқаралық сананы өзгертуіміз керек. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деген сөзі баршаға ой салса керек-ті. Болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерден арылу үшін біз алдымен өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруіміз керек.
Жалпы, білім беру жүйесі үздіксіз жаңғырып отыруы тиіс. Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында осыны баса айтты. Ең алдымен тұтастай жүйенің рөлін өзгертуді міндеттеген Елбасы оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттауды тапсырып отыр. Жаңа кезеңде бұл іс жас ұрпаққа рухани тәрбие, ізгілікті білім беруге бағытталуы керек деп ойлаймын. Баланың бойына құнды қасиеттерді сіңіруді, рухани бай адамды қалыптастыруды отбасында нәресте дүниеге келген кезден қолға алуымыз қажет. Ата-ананың тәлім-өнегесі одан кейін балабақшаларда лайықты жалғасын табуы қажет.
Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде, өзіндік таңдау жасауына ықпал етуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Ал өз ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – адамзат алдындағы негізгі міндеттің бірі. Ол үшін әр азамат өзін-өзі танып, өз ісіне баға бере алуы тиіс. Өзін-өзі тәрбиелеу – аса маңызды. Адам өз бойындағы жағымсыз қасиеттерімен күресе білсе, қоғамда кереғарлық туындамайды. Сондықтан, баланы кішкентай кезінен өзін-өзі тануға бағыттауымыз керек. «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім жобасының балабақшада пән ретінде оқытудағы мақсат та осы. Рухани-адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналатын бұл пән баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретуге, жас ұрпақты жалпы адамзаттық құндылықтар мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға ретінде қалыптастыруға негізделген. Біздің №8 «Арнайы логопедтік» балабақшасында да осы пән арнайы жүргізіледі.
Өзін-өзі тануды оқыту үрдісінде күнделікті тәжірибеде қолданылып жүрген тиімді әдістемелік тәсілдер көп. Атап айтсақ, «Шаттық шеңбер» кезінде әр бала өзіне таныс үлкен достық шеңберіне қабылданғанын сезінеді, өзіне сенімі артып және өзгелердің сеніміне ие болады. «Жағдаяттар кезінде ойлану» – балалардың ойлауға бейімділіктерін, өзін және өзгені бағалауды үйренеді. «Бейнематериалдарды көру» әдісі балғындарға өткен тақырыптың мазмұнын тез қабылдауға ықпал етеді. «Ән шырқайық, достар» тәсілі сезімдерін сергітіп, көңіл-күйін жадыратады. «Сергіту сәті» ұқыптылыққа, жедел әрекет жасауға баулиды. «Жүректен – жүрекке» шеңбері баланың эмоционалдық жай-күйін қалыптастырады.
Біз тәрбие және білім беру ісін үздіксіз жаңғыртуға баса мән береміз. Ал көп ұлтты ұжымды басшымыз Г. Айтқұлова бізді бүлдіршіндердің бойына рухани тәрбие беруге бағыттап, басқарып отыр.
Гүлгүл Халымбетова,
№8 «Арнайы логопедтік» балабақшасының тәрбиешісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support