Экономика

«BASTAU БИЗНЕС» – ТАБЫС КІЛТІ

«BASTAU БИЗНЕС» – ТАБЫС КІЛТІ

Елбасының биылғы Жолдауында жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қалада, сондай-ақ ауылда 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алатыны айтылған. Бұл, әсіресе екі қолға бір күрек таппай жүрген ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалық, таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Осыған байланысты нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Bastau бизнес» жобасын жүзеге асыру қызу қолға алынуда. Бұл жоба өңірлерде облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асатын болады. Қарапайым халық үшін, әсіресе шалғай ауылдарда тұратындар үшін игі бастаманың шарапаты мол болмақ. Жеке кәсібін ашуға ниеттенгендерге көрсетілетін мұндай қолдау жұмыссыз азаматтар көп тіркелген Т. Рысқұлов, Меркі, Қордай, Жуалы, Байзақ және Шу аудандарында басымдықпен жүзеге асырылуда. Айта берсек, жобаның тиімді тұстары көп-ақ. Мәселен, бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған. Сондай-ақ, кәсіби даярлығы бар бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретеді. «Бір айта кетерлігі, бұл жобаға кәсіпкерлікпен айналысқанына 3 жылдан аспаған азаматтар мен жұмыссыздар ғана қатыса алады. Белгіленген бір айдың ішінде әрбір қатысушы 120 сағат білім алуы шарт. Оның 80 сағаты теорияға арналса, қалған уақыт білікті бизнес-тренерлерден кеңес алуға жұмсалады» – дейді, Шу аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Рахым Ақботаев. Ал Тараз қаласынан келген бизнес-тренер Қуанышбек Құдабаев қанатқақты жобаның алғашқы кезеңі сәтті аяқталғанын айтады. – Бір ай бойына дәріс алған азаматтар біздің көмегімізбен өздерінің жеке бизнес жоспарларын даярлап шығады да, оны арнайы комиссия алдында қорғайды. Комиссия мақұлдаса, бизнес жоспар арнайы сертификат негізінде қаржыландырылуға жіберіледі. Қазіргі кезде бірінші топқа 45 адам енген болатын. Оның 36-сының бизнес жоспарлары қаржыландыру кезеңіне де өтті, – дейді ол. Аталған жобаға қатысудың үш кезеңі қарастырылған. Кез келген аудан тұрғыны арнайы психологиялық тест тапсырып, соның нәтижесінде бір айлық оқуға қабылданады. Осы тұста, психологияның қатысы қанша деуіңіз әбден мүмкін. Бизнес – мәнін түсінбегеннің қолынан келе бермейтін іс. Оның үстіне, адамның жаратылысы да кәсіпкерлікке бейім болуы керек. Сондықтан оқыту жұмыстарының алдында қатысушылардың әлеуетін анықтап, кәсіпкерлікке икемділігін байқайды. Психология осындайда көмекке келеді. Жоба жетекшілері іскерлікке қабілетті анықтау үшін шетелдік мамандар ұсынған арнайы тестерді пайдаланады. Сол арқылы адамның қай салаға бейім екенін анықтайды. Содан соң бір ай оқуға және оқу аяқталғаннан кейін әр оқушы өзінің бизнес-жоспарын білікті мамандардың алдында қорғап шығуға міндетті. Қанатқақты жоба ағымдағы жылы республика бойынша 80 ауданда жүзеге асуда. Жоба жетекшілері келесі жылы аудандар санын екі есеге арттыруды көздеп отыр. Ал Шу ауданы да 36 тұрғын жеке бизнес-жоспарларын қорғап, 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес оператор ретінде ұйымдастырған «Bastau бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқығанын растайтын сертификаттарға қол жеткізді. Жобаның екінші кезеңінде тағы 30 адам білім алуда.

Ерғали қартайған, «Ақ жол».

Шу ауданы.