- Advertisement -

Отбасының бірлігі – Отанның ірілігі

235

- Advertisement -

Ширек ғасырдан астам уақытта еліміз төрткүл әлемге танылды. Біз мұндай жетістікке алдымен елдің бірлігінің, берекелі тірлігінің, ұлттар достығының арқасында жеткеніміз анық.
Елін сүйген Елбасының ерлік істері өте көп, оның бірегейі – Елорда. Сарыарқаның төсінде сұлулықтың символындай болып құлпырған Астана – Президенттің ғажайып туындысы, керемет қолтаңбасы. Ел ордасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезден бері жас қала көркейіп, айбарлана түсті. Біз Астанаға барған сайын осыны сезініп, мерейленіп қайтамыз.
Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Отбасылық институттар нығайған сайын елімізде ішкі тұрақтылық бекемделе түсетіні мәлім. Президент Жарлығымен жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып тұратыны да, сондықтан. Отбасының құндылықтарын биік бағалайтын біздің елге мұндай шара өте қажет. Сондықтан Елбасы бұл бастаманы да дер кезінде көтеріп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі.Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек» – деген еді. Отбасы құндылығын арттыру, жас ұрпақты биік азаматтық пен зор адамгершілікке баулу, елдегі отбасы институтын нығайтуды көздеген бастама – құптарлық іс.
Мен биыл осы бастама аясында өткізілген аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына қатыстым. «Отбасым – кішігірім отаным», «Мәңгілік елім – өнегелі дәстүрім» және «Өнеріммен өрге жүздім» кезеңдері бойынша 9 отбасы бақтарын сынап, жарысқа түсті. Ұлттық нақыштағы әдемі киімдер мен қазақ халқында ежелден қалыптасқан «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Жарапазан айту» және тағы басқа да салт-дәстүрлер сахналанып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Байқаудың нәтижесі бойынша 4 жеңімпаз отбасы анықталып, облыстық конкурсқа жолдама алдық. Атап айтсақ, Ұ.Сыздықбайұлы ауылынан Қанапиндер, Досбол ауылынан Сансызбаевтар, Жаңатас қаласынан Өтепбаевтар әулеті және Тоғызкент ауылынан шыққан менің әулетім.
«Мерейлі отбасының» облыстық турында әр ауданнан жиналған мықты деген 44 отбасы сынға түсті. Ұлттық конкурстың облыстық кезеңі Тараз қаласында өткізіліп, комиссия шешімімен біз ІІІ орынға лайық деп танылып, 200 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болдық. Бұл – өмірлік жолдасым Бердікүлдің және перзенттерімнің бірлігінің жемісі. Елдегі нық орныққан тыныштық пен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында келген берекелі өміріміздің бір көрінісі.

Владимир Эбель,
неміс ұлтының өкілі, облыстық «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық конкурсының жүлдегері.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support