- Advertisement -

Билікөлдің суы қандай?

186

- Advertisement -

өңірдегі өзге өзен, көлдер суының сапасына назар аударатын кез жетті

Сусыз тіршілік жоқ. Әлемде таза ауызсудың жетіспеушілігін сезіне бастаған мемлекеттер де аз емес. Сондықтан су қорларының жай-күйі назарда тыс қалмауы тиіс. Біз облыстағы жер беті суларының ластануын қадағалау мақсатында Талас, Аса, Берікқара, Шу, Ақсу, Қарабалта, Тоқташ, Сарықау өзендері мен Билікөл көліне ай сайын зертханалық талдау жұмыстарын жүргізіп отырамыз.
Ақсу, Қарабалта, Тоқташ және Сарықау – Шу өзенінің салалары. Шу, Талас және Аса өзендерінің бастауы толығымен Қырғыз жерінде. Осы өзен, көл суларына зертханалық талдау жұмыстарын жүргізумен «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының зертханасы айналысады.
Сынама алу, талдау нәтижелерінің қорытындысы шекті рұқсатты шоғырлануының Шу өзенінде мыс және марганец, Талас өзенінде бойынша мыс және мұнай өнімдері, Ақсу өзенінде сульфаттар, фториттер және фенолдар, Қарабалта өзенінде магний, сульфаттар және фенолдар, Тоқташ өзенінде магний, сульфаттар, азот нитриті, мыс марганец және фенолдар, Сарықау өзенінде магний, сульфаттар, фториттер, мыс және фенолдар, сонымен қатар Билікөл де сульфаттар мөлшерден жоғары екенін көрсетті.
Аса және Берікқара өзендеріне жасалған зертханалық талдаулар нәтижесі бойынша шекті рұқсатты шоғырлануының шектен шығуы анықталған жоқ.
Су нысандарындағы жағдайға келсек, судың сапасы Талас, Шу, Ақсу, Қарабала, Тоқташ және Сарықау өзендерінде орташа, ал Билікөл көлінде ластанған, Аса мен Берікқара өзендеріндегі су шартты түрде таза. Үстіміздегі жылдың мамыр айындағы зерттеу нәтижелері былтырғы сәйкес мерзімдегі Талас, Шу, Ақсу, Қарабалта, Тоқташ өзендері мен Билікөл көлі суының сапасымен салыстырғанда соншама көп өзгерістер болмаған, ал Аса, Берікқара және Сарықау өзендеріндегі судың сапасы айтарлықтай жақсарған.
Биыл маусым айының 3-і күні Бүкіл дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Тараз қалалық «Нұр Отан» партиясы мен облыс бойынша экология департаментінің бірлесе ұйымдастыруымен «Эко-сақшы» акциясы аясында сенбілік өткізіліп, «Зербұлақ» демалыс орны және Талас өзенінің бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға Талас өзенінің суына автокөлік жууға болмайтыны, өзен суларын ластамауы тұрғысында түсіндіру іс-шаралары жүргізілді. Өзен суының ластануынан суда мекендейтін балықтарға, жәндіктерге және шомылатын адамдарға қаншалықты зиян келтірілетіні айтылып, жағажайларда демалушыларға ас қалдықтарын тастап, айнала-төңіректі ластамауға, қоршаған ортаны таза ұстауға байланысты кеңестер беріліп, насихаттық-түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылды.
Облыста шайынды сулар көлемінің ұлғаюы тау-кен өндіруші мекемелер мен өнеркәсіптер жұмыстарының жандануына байланысты орын алып отырғаны белгілі. Олар өнеркәсіп қажеттілігіне көп пайдаланылған суды өзенге ағызып, өндіріс қалдықтарымен де ластауда.
Өңіріміздегі өзекті мәселелердің бірі – Билікөл көлін тазалау. Бұл су айдынының ластануы мәселесі әріден келе жатыр десе де болады. 1981 жылы Химпром фосфор зауытының бақылау тоғандарынан Талас және Аса каналдары арқылы Аса өзенімен апатты шартты таза шайынды су осы көлге келіп құйылған. Осыған байланысты көл суынан зертханалық сынама алып талдаулар жасау мақсатында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, мұнда арнайы гидробекет орнатылды.
Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының 2012 жылғы 2 желтоқсандағы №23-ө бұйрығына сәйкес, облысымыз бойынша экология департаменті және «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы бірлесіп, жер беті суларының зертханалық сынамасына талдаулар жасау жоспарын жасады. Аталған мекеме мен біздің зертхана мамандарымыз сынама алу арқылы Билікөл көліне ай сайын бақылау жүргізуде. Сараптамалық сынама нәтижелері бойынша көл суының ластану индексінің орташа коэффициенті – 4,5 құрады, бұл жоғары ластану деңгейі болып табылады.
Шу-Талас бассейндік кеңесінде экология департаменті Билікөлді көлін тазалау мәселесін көтеріп, көл табаны бойынша іс-шара жоспары мен техникалық-экономикалық негіздеме жасауға қаражат бөліп, одан ары қарай атқарылатын жұмыстар жобасы әзірленуі керектігі жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс та берген-ді. Қуана айтарлық бір жайт, осыған байланысты аталған көлдің ластану түрлері дәрежесін, тазартылатын аумағы мен түбінің көлемін анықтау үшін ғылыми-техникалық шараларды карта түрінде әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Билікөлдің табиғи және антропогендік жолдармен ластану дәрежесі, түрлері, таралу аумағы анықталды. Көл суының және түпкі шөгінділердің ластануына көптеген химиялық заттардың, компоненттердің әсері бар екендігі анықталып, оларға химиялық талдау жүргізілді және шекті-рұқсатты шоғырланудан асу дәрежелері тексерілді.
Қорыта айтқанда, тиісті зерттеу-зерделеу жұмыстарының қорытындылары бойынша Билікөлден барлық ластағыш заттардың құрамы анықталып отыр. Көлдің өзін-өзі тазалау үдерісі баяу және технологиялық іс-шаралар арқылы қалпына келтіруді талап етеді.
Қазіргі таңда Билікөл көліне қатысты іс-шараларға қосымша қаражат қарастырылу үстінде.

Ербол Жүнісбеков,
облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау
бөлімінің бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support