Төсбұлақтың бау-бақшасы жайқалып тұр
Төсбұлақтың бау-бақшасы жайқалып тұр
Әріпхан ақсақал мәпелеп өсірген Төсбұлақтағы бау-бақшасын көпшілік жақсы біледі. Онда жеміс-жидектің бірнеше түрі бар. Алманың ондаған сұрпы, өрік, шабдалы, шие, алмұрт, 1000 түптен аса жеміс-жидек қаулай өсіп, жыл сайын өнім беріп келеді. Ұзын теректер мен қара ағаштар да сондай жарасымды. Әріпхан қария жеміс-жидектердің небір өскіндерін Ташкент, Шымкент, Талдықорған, Меркі, Тараздан алдырып, отырғызып, мәпелеп өсірді. Оларды суаруға құдық қазып әуре болған жоқ. Ақтаудың төсінде бұрқырай ағып жатқан Төсбұлақтың көзін ашып, жанына хауыз жасап, төмен қарай арықтар жүргізіп, оны тоспалады. «Ауыл төңірегінде бес бақшалық алқап бар. Кеңес өкіметі тараған соң кей жер егесіз, игерусіз қалды. Бірақ ауылдың оңтүстігіндегі бұлақтың көзі қайта ашылып, бұрынғы алма, өрік бақ қайта жаңартылып, бүгіндері жасыл алқапқа айналды», – дейді Қараой ауылының тұрғыны Ілияс Жуасбеков ақсақал. Бүгінде нуға айналған бау-бақшаның өнімін қаратаулықтар ғана емес, тараздықтар да тұтынып жүр. Облыстан ат арытып келіп, бау-бақша ішіндегі ақ үйде тал-дарақтың саясын көлеңкелеп жататындар баршылық. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал Әріпхан қарияның отбасына арналғандай. Оның Ақтөбе қаласында мемлекеттік қызмет атқаратын ұлы Әзімхан жыл сайын ауылына ат ізін салып, перзенттік парызын атқаруда белсенділік танытып жүр. Әзімханның өз қаражатына мешіт салдырып, өзге де демеушілік жасаған жақсылығы көп. Ол үшін ауыл тұрғындары дән риза.
Қараой ауылы, Талас ауданы.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».