- Advertisement -

Еламан жеңіске жетті

94

- Advertisement -

Қазақ ат шаптырып, балуан күрестіргенде делебесі қозады. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегенді жиі айтатын текті ел ұлттық спорты қазақ күресін әрдайым көзінің қарашығындай қастерлеген, қадір тұтқан.
Биыл бұл дода ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің іс-шаралар тізіміне енгені мәлім. Сол себепті тарихи мереке аясында өткізілген дуы басым додада Елбасы жүлдесін әр балуан қанжығасына байлауға барын салды.
Бұл додаға жерлестеріміз Айбол Айтбек пен Абай Ерболұлы қатысты. Өкінішке қарай Айбол Айтбек алғашқы белдесуінде алматылық Александр Касачевпен белдесіп, бастапқы 40 секундта қарсыластың іштен шалу әдісіне түсіп қалып, жартылай жеңіс ұпайымен жеңіліп жатса, әрмен қарай жамбас ұпайын өз әдісін дұрыс жасай алмай, сыйға тартты. Бұдан соң Айбол бүк ұпайын алса да, келесі сәтте тағы бір жартылай жеңіс ұпайына ие болған Касачев жеңімпаз атанды. Абай Ерболұлы алғашқы кезеңде павлодарлық Самир Мамедовтан жамбас ұпайымен айласын асырғанымен, екінші кезеңде атыраулық балуан Арман Қалиевке жол берді.
фин1/8 финалдық белдесулер тартысты жағдайда өтті. Қарағандылық тәжірибелі балуан Асыл Бәрменов бұл кезеңде маңғыстаулық Мейрамбек Жаңабаймен күш сынасты. Барын салған Бәрменов қарсыласынан басым түсіп, ширек финалға шықты. Кейіннен бозкілемге «Әскер барысы» додасының жеңімпазы, Сыр елінің үкілі үміті Еламан Ерғалиев шықты. Ол алғашқы белдесуінде әйгілі Мұхит Тұрсыновты ұтқан болатын. Екінші белдесуін де сенімді өткізген Еламан маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты еркін жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Төртінші болып бозкілемге бет алған Алматы облысының балуаны Александр Касачев қарағандылық Ержан Шынкеевпен белдесті. Алма-кезек әдістермен өрбіген кездесуде қарағандылық балуанның бағы жанды. Ол бір бүк ұпайымен ұтылып жатып, нағыз ерге тән мінез көрсете білді. Нәтижесінде әдемі әдіс қолданып, қарсыласын таза жеңді. Қостанайлық Абылайхан Қасымханға қарсы шыққан Шығыс барысы Айбек Нұғымаров жас періні ойқастап жүріп ұтып, жанкүйерлерін желпінтіп тастады. Кейінірек тұңғыш «Қазақстан барысы» жобасының жеңімпазы Алматы облысының намысын қорғаған Ұлан Рысқұл шымкенттік Әділжан Ыстыбаевты жарыс жолынан шығарды. Ұланның жеңісінен қанаттанған оның туған інісі, Алматы қаласының атынан шыққан Руслан Әбдіразақов атыраулық Кенжебек Күзенбаевпен күш сынасып, өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Доданың ең ауыр балуанына қарсы белдескен Руслан ширақ қимылдарымен көрермендерді сүйсінтті. Шешуші сәттерде сырттан шалу әдісін әдемі қолдана білген Руслан ширек финалда туған ағасына қарсылас атанды.
Доданың қызығы ширек финалда қыза түсті. Әсіресе, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің финалында күрескен Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаров арасындағы айқас тартысқа толы болды. Осыдан төрт жыл бұрынғы белдесуде Нұғымаров жеңіске жетіп, «Қазақстан барысы» атанған болатын. Дәл осы айқаста қарымта қайтаруға бел буып келген Шынкеев қанша жерден тырысқанымен, атақты қарсыласына шамасы жетпей, шерменде күйде кетті. Сондай-ақ, ширек финалда жанкүйерлердің делебесін қоздырған белдесу ретінде ағайынды Руслан Әбдіразақов пен Ұлан Рысқұл арасындағы айқасты атауға болатындай. Бұл белдесуде Ұлан жеңімпаз атанды. Мұнан соң «Әскер барысы» Еламан Ерғалиев қарағандылық Асыл Бәрменовті ұтып, жартылай финалға шықты. Жас та болса, жанарынан жалын ұшқындаған Еламан бұл жолы да әйгілі қарсыласынан еш қаймыққан жоқ. Қайта айла-тәсілі мол Еламан жартылай жеңіс ұпайымен жеңісті жұлып алып, өзінің шын мықты екенін көрсете білді. Иә, Асыл жарақат алды. Дегенмен, дәл осы күні Еламан Ерғалиевтің жеңіске деген құштарлығына ешкімнің күмәні жоқ болатын.
Жанкүйер біткен асыға тосқан жартылай финалдық бәсекелер де жиналғандардың көңілінен шыққаны даусыз. Алғаш болып бозкілемге «Әскер барысы» Еламан Ерғалиев атыраулық Арман Қалиевпен шықты. Бұл белдесуде өз мүмкіндігін толығымен ашып көрсете білген Еламан жеңіске жетті. Екінші жартылай финалдық белдесуде бір-бірін өте жақсы білетін қос алып Ұлан Рысқұл мен Айбек Нұғымаров күресті. Тартысқа толы жағдайда өткен бұл айқаста өте сенімді күресе білген Ұлан Рысқұл қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ақтық сынға шыққан алыптар демалып отырған шақта Арман Қалиев пен Айбек Нұғымаров үшінші орын иегерін анықтады. Атыраулық апайтөс балуан жеңіске жетуге бар күшін салса да, тәжірибелі Айбек өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, жеңіске қол жеткізді. Осылайша Айбек Нұғымаров үшінші орын иегері атанды. 2013 жылы «Қазақстан барысы» атанған Айбек осымен екінші мәрте қола белбеу иегері атанып отыр. Ол 2012 жылы Бейбіт Ыстыбаевқа жартылай финалда жеңіліп, үшінші орын алған еді.
Ақтық сында мамандар Ұлан Рысқұл жеңіске жетеді деп топшылаған болатын. Алайда, жас пері Еламан Ерғалиевтің жеңіске деген жігері көпшілікті тәнті еткені сөзсіз. Басқаны былай қойғанда Мұхит Тұрсынов пен Асыл Бәрменовті жарыстан шығарған Еламан бір ышқынса, жеңістің ауылы алыстамасы белгілі еді. Еламан шын мәнінде бабында екен. Қатарынан оза шауып бәйге алып жүрген Ерғалиев еліміздің алғашқы барысы Ұланнан еш ыққан жоқ. Қайта сенімді күрескен оның басымдылығы бірден көзге байқалды. Ә дегеннен қарсыласын алып ұрған ол жартылай жеңіс ұпайына иелік етті. Қарсыласының керемет әдісінен кейін Ұлан бас бармағын жарақаттап алды. Әрмен қарай өз күресінен танбаған Еламан қарсыласын тағы да бойынан асыра лақтырып, таза жеңіске қол жеткізіп, турнирде сенсация жасады. Жарайсың, Еламан! Ердің сойы – Еламан екен!
Төл спортымыздың мерейін тасытқан «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау салтанатына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық Қазақ күресі федерациясының президенті, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, әйгілі балуандар, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыханов қатысты. 2017 жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиевтің беліне «Алтын белбеуді» Қанат Бозымбаев байлады. Сонымен қатар, Қызылорданың жампозына «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға иелік етті. Сондай-ақ, турнирде екінші орын алған Ұлан Рысқұлға «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңгенің иегері атанды. Турнирдің үшінші жүлдесін жеңіп алған Айбек Нұғымаров «Қола белбеуге» қоса 1,8 миллион теңгенің сертификатына иелік етті. Ал бапкері 900 мың теңге сыйақыны иемденді. Биылғы әр белдесуде жеңіске жеткен балуан 100 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support