- Advertisement -

Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

109

- Advertisement -

Баспаналы болу басты мәселесі болған бірқатар тараздықтар жақында қуанышқа кенеліп, қоныс тойын тойламақ. Атап айтқанда, қаладағы «Арай» тұрғынжай алқабында жаңадан салынып жатқан 80 пәтерлі 10 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осылайша, Астана күні қарсаңында бір мезгілде 800 отбасы баспаналы болмақ.
Үйі жоқтың күйі жоқ екені анық. Алайда, жылдан-жылға облысымызда бұл мәселенің түйіні тарқатылумен келеді. Аталмыш «Арай» алқабындағы жаңа құрылыс нысандарының салынуы осының айғағы. Иә, баспаналы болу – бір бақыт. Дегенмен, тұрғындарды құрылыстың сапасы да көп ойландырады емес пе? Сондықтан, ертеңгі күні жаңа қонысқа кірген адамдардың құрылысқа көңілдері толмай, қуанышы су сепкендей басылмас үшін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов алқапқа арнайы барып, мердігерлермен кездесіп қайтты. Кездесуге Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, облыстық құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Әділет Ахатаев, «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Данияр Серікұлы да бірге барды.
Шағын ауданның бірнеше учаскесін аралап, пәтерлердің жай-күйін жіті тексерген Ғалымжан Райылұлы кейбір пәтерлерге көңілі толса, енді бірінің кем-кетіктерін бірден аңғарып, тиісті мердігерді жауапқа тартты. Мәселен, «Жамбыл химстрой инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соққан үй мақтауға лайықты болып шықты. Себебі, бұған дейінгі тексеруде көзге түскен 20-30 шақты ескертпелер бұл жолы түгелдей реттеліпті. Пәтерлерге газ, жылу, ыстық, суық су түгел кіргізілген. Қабырғалары тегіс, есік, терезесі, құбырлары ойдағыдай орнатылған. Бірақ «Талас-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген құрылыстың сапасы сын садағына ілікті. Қабырғаларының кейбір тұстары қисық кетсе, кейбір тұстарына тіпті анық байқалатын сызаттар түсіп, түсқағаздары жыртылған. Линолеумі бос төселген бөлмелер де ұшырасты. Бүгін-ертең пайдалануға берілетін бұл су жаңа үйдің сиқы Ғалымжан Райылұлының қатаң сынына ұшырап, мердігер компанияның атқарушы директоры Асан Айтқұлбековке осы кемшіліктерді дереу түзетуді тапсырды.
Басшылар құрылысы қызу жүріп жатқан 2/2 учаскеге де аяқ басты. Мұндағы жұмысты қолға алған «Агро спец строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл бұдан бөлек екі үйді пайдалануға тапсырған екен. Олар жұмыстарына ылғи да отандық құрылыс материалдарын қолданатындарын жеткізді. Цементті «Мыңарал цемент» зауытынан алатын көрінеді. Құрылысы наурызда басталған бұл үйді мердігер қараша айында тапсырамыз деп отыр. Көп қабатты үйдің қабырғасын көтеруге 120 шақты құрылысшы атсалысуда. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов алдыңғы тексеруден кейін мұнда оңды бетбұрыстар пайда болғанын, мәселен, құрылыс мәдениеті, жұмысшылардың киімі, материалдардың сапасы жақсарғанын атап өтті.
«Бас жоспар бойынша «Арай» алқабында 19 үй бой көтеруі көзделген. Мереке қарсаңында 10 үй «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-ның салымшыларына тапсырылады. Пәтерлердің әр шаршы метрінің құны 116 мың теңге. Айына екі рет келіп құрылыс жұмыстарының, материалдарының сапасын тексеріп, тұрақты бақылауымызда ұстап отырмыз. Мұнда қазір алты мердігерлік компания жұмыс істеп жатыр. Сәтін салса, бұл аумақ Тараз қаласындағы ең әдемі шағын ауданға айналатын болады», – деді Ғалымжан Райылұлы.

Қарлығаш есбергенова,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Виктор Барбаш.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support