Саясат

Жамбылдық кәсіпкерлердің үлесі

Жамбылдық кәсіпкерлердің үлесі

Астанаға 188 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілді Бүгінде елордамызда құрлықтар құлақ түрген айтулы оқиға – халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі өтіп жатқаны белгілі. Оған еліміздің өңірлері де атсалысуда. Ал әулиеаталықтар тосын сый түрінде әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында ол жаққа «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» керуенін аттандырған болатын. Керуеннің 26 шілдеде Астана қаласына жетуі күтілуде. Жамбылдықтар мұнымен де шектелмей, үстіміздегі жылғы 1-2 шілде күндері аталған іс-шара аясында Астана қаласының «Қазақстан» спорт кешені аумағында облыс тауар өндірушілерінің күшімен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізгелі отыр. Алдыңғы күні Тараз қаласындағы автобекет маңынан Астанаға түрлі азық-түлік тауарлары тиелген автокеруен аттандырылды. Елордамызда өткізілетін жәрмеңке барысында астаналықтар мен ЭКСПО қонақтарына 148,4 миллион теңгенің 188 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылатын болады. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой еттері – 30,5, шұжық – 3, сүт өнімдері – 9,7, қарақұмық – 5, күріш – 5, кондитерлік өнімдер – 1, макарон өнімдері – 1, өсімдік майы – 5,5, қант – 10, тұз – 2, балық – 5, бал – 1, кептірілген жеміс – 2, жеміс-жидек пен көкөніс – 101, 1 тоннаны, жұмыртқа 5 мың дананы құрайды. Ал азық-түлік өнімдерінің бағасы нарықтағыдан 8-20 пайызға төмен болмақ. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, аталған ауыл шаруашылығы өнімдері межелі жеріне бұзылмай сапалы жеткізілуі үшін автокеруен 8 рефрижератормен қамтамасыз етілген. – Бұл – өңір тауар өндірушілері тарапынан ЭКСПО аясында Астанада екінші рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы. Оған жүзге жуық кәсіпкер атсалысқалы отыр. Олар елордамызда екі күндей болады. Қысқасы, бас қаламыздың тұрғындары мен қонақтары жамбылдықтардың жомарттығы мен кең пейілінің куәсі болып, азық-түлікке бір кенелмек, – деді ол.

Баймаханбет ахмет, «Ақ жол».