Әлеумет

Көшелер көк түтінге тұншыға бере ме?

Көшелер көк түтінге тұншыға бере ме?

Өзің тұратын шаһардың әсем, экологиялық жағынан таза болғаны қандай жақсы! Ал осы күні біз Таразды таза қала деп айта аламыз ба? Шаһарда күн сайын жүздеген үлкен және шағын автобустар бірнеше бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдайды. Солардың қызметінің арқасында мыңдаған жолаушы барар жеріне қолжетімді бағамен қиналмай жетіп жүр. Бұл жағына алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Ал негізгі айтпағымыз – осы қоғамдық көліктер бөлетін көк түтіннің жайы. Нені жазу үшін де әуелі зерделеу, зерттеу жүргізіп алуға тиісті емеспіз бе? Осы мақсатпен Тараз қаласының орталығындағы аялдамалардың бірнешеуінде бақылау жүргізіп көрдік. IMG_5697 DSC_7700-Обалы не керек көпшілігінен ондай зиянды нәрсе байқай алмадық. Алайда, №№ 19, 47, 43, 27, 16 үлкен автобустар мен №№ 9, 54, 37 шағын автобустарының түтіндіктерінен маңайға улы газ молынан тарайтынын аңғардық. Кейбір автобустардан бөлінген түтін әуеде көпке дейін сейілмей тұрып алды. Бұдан кейін мән-жайды білу мақсатында облыс бойынша экология департаменті мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Нұржігіт Есболғановқа хабарласқан едік. «Көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Алайда, біздің мекеме бұл іске тиісті тараптан арыз-шағым түсіп, нақты дәлелмен дәлелденбесе, тексеріс жүргізе алмайды. Былтыр МАИ өкілдерімен және зертхана қызметкерлерімен бірге бірқатар рейдтік тексерулер жүргізген едік. Біраз қоғамдық және жеке көлік иелеріне айыппұл салғанбыз. Сол кезде түтіні будақтаған жеке меншік көліктер біраз азайған еді. Енді біз рейдке шығып жатқан жоқпыз. «Түтіндеткен» көліктер азаймай отырған секілді» – деді ол. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Ғабит Алтаев та жағдайды жан-жақты түсіндіріп берді. «Біз қоғамдық көліктерді техникалық жағынан қадағалаймыз. Түтіні будақтаған автобустар көзімізге түссе, бірден жөндеуге жібереміз. Оны жан-жақты қадағалайтын аппаратымыз жоқ. Былтыр экология департаментімен бірлесіп рейд жүргіздік. Сол кезде жағдай бір реттеліп қалып еді. Мұның бәрі жанармайдың сапасына да байланысты. Автобус жүргізушілер, автобаза басшылары жанармай (солярка) сататын бекеттердегі өнімнің сапасыздығын айтып зар қағады. Жағдай осындай болып тұр, – деді ол. Бұрын қала бағыттарында шағын автобус айдаған Ақнұр Серік деген азаматпен де тілдестік. «Қазіргі Ресей мен Қытайдан келген шағын автобустардың бәрінен түтін будақтайды. Себебі, оларда түтінді сүзетін катализатор деген аппарат жоқ. Ол Германия секілді елдерден келген көліктерде ғана болады. Одан кейін жанармайдың (солярка) сапасыз екені де рас», – дейді бұрынғы жүргізуші. Біз зерделеген жағдай осындай. Байқасақ, барлығының да уәжі шындықтан алшақ емес секілді. Алайда, құр сөзбенен барлығын жуып-шаюға болмайтыны рас. Таразда жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерден көк түтін қашанғы будақтай бермек? Оған кім жауапты? Көк түтінге көмілген көше тұрғындарының салауаттылығы баршамыздың назарымызда болуы керек емес пе? Сұрақ көп. Алайда, көшелерді жайлаған көк түтіннен жуырда құтыла алатын түріміз байқалмайды.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.