Тоғызқұмалақтан «Ақ жолдың» турнирі мәресіне жетті
Тоғызқұмалақтан «Ақ жолдың» турнирі мәресіне жетті
Жиырма жылдан бері «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін төл спортымыз тоғызқұмалақтан өткізіліп келе жатқан республикалық рейтингілік дәстүрлі турнир биыл да жалғасын тапты. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Ақ жол» газетінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы додаға Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан және Алматы мен Астана қаласынан 170-ке жуық спортшы қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай сынға түсті. Бірнеше күнге созылған жарыс швейцариялық жүйе бойынша өткізілді. Нақтырақ айтсақ, әр жас санаты бойынша жарыс жолына шыққан үміткерлер 9 кезең бойы бақ сынап, кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Жарыс қорытынды-сында 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында қызылордалық Әзімхан Махмұджан жеңіске жетсе, батысқазақстандық Нұрберген Түсіпқали жүлделі екінші орынға иелік етті. Ал оңтүстікқазақстандық Дастан Қуанышбек үздік үштіктен көрінді. Қыздар дуында оңтүстікқазақстандық Ақерке Құдайберген топ жарса, қостанайлық Алина Аманжол екінші орын, қызылордалық Нүрилә Мектепхан үшінші орын биігінен көрінді. 14 жасқа дейінгі ұлдар сынында оңтүстікқазақстандық Жарылқасын Беркінбаев І орынға ие болса, ақтөбелік Ерасыл Ешмұхан екінші орынға, жерлесіміз Нұрдәулет Сейтжаппар үшінші орынға тұрақтады. Қыздар бәсекесінде оңтүстікқазақстандық Аружан Салман жеңімпаз деп танылса, тағы бір шымкенттік спортшы Әсем Дәуренбекқызы екінші орынды иеленді. Қостанай қаласынан келген Арайлым Айсаеваға үшінші орын бұйырды. Ересектер додасында І орынды астаналық Ғалымжан Темірбаев жеңіп алса, қызылордалық Бексұлтан Бостандықов екінші, қостанайлық Мұса Едігенов үшінші орынды қанағат тұтты. Әйелдер бәсекесінде қостанайлық Жансая Смаиловаға қарсылас шақ келмеді. Қызылордалық Ақерке Кенжебекова мен қостанайлық Камила Каненова екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Доданың марапаттау салтанатында сөз сөйлеген облыстық «Ақ жол» газеті директор-бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімова жарысқа алыстан ат арытып келген спортшыларға алғысын білдіріп, ұлттық спортты «Ақ жол» газеті әрмен қарай да дәріптей беретініне тоқталды. Сондай-ақ, ол айтулы аламанның лайықты деңгейде өтуіне қолұшын берген №43 мектептің директоры Гүлнар Раптаеваға тоғызқұмалақ федерациясы облыстық филиалының президенті, «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының атынан Алғыс хат тапсырды. Соңыра сөз алған жарыстың бас төрешісі Ербол Нұрханов «Ақ жол» газеті басшылығына ризашылығын білдіріп, газеттің 95 жылдығына орай арнайы жасалған кәдесыйды тарту етті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».