Білім

Студент тер құрылысқа қарқын беруде

Студент тер құрылысқа қарқын беруде

Елбасының бастамасымен 2005 жылы қайта жанданған студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» еңбек жасақтары бүгінде студенттерді жазғы демалысында жұмыспен қамтамасыз етіп, табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Жақында жылдағы дәстүр бойынша аталған еңбек жасақтары құрылыс нысандарына аттанған. Енді жас құрылысшылар елді мекендерде бой көтеріп жатқан мектеп, аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандарда жұмысты жандандырса, «Жасыл Ел» жасақтары қаланың тазалығына жауап беретін болады. – Біздің студенттер жыл сайын аталған еңбек жасақтарының ұйымдастыруымен жұмысқа аттанады. Олар тек еңбек етіп қана қоймай, қаламыздың көркейіп, гүлденуіне атсалысады. Бүгінгі күнге дейін студенттік құрылыс жасақтарында алты мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды. Биыл республикалық трансферт есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл Ел» еңбек жасағындағы 875 жасты уақытша жұмыспен қамтуға жергілікті бюджет есебінен 44 миллион теңге, облыстық бюджет есебінен 620 студентке 28,7 миллион теңге бөлінген. Қазір 200-ден астамы қала мен аудандағы 12 құрылыс нысанында жұмыс істеуде. Жұмыс берушілер қатарында «Агроспецстрой», «Тараз Құрылыс Инвест», «Қаратау құрылыс – 2030», «Бағжай», «Керуен Сервис», «Даража» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және тағы басқа компаниялар бар. Аталған мердігерлер жастарға тек қаладағы ғана емес, Байзақ, Жуалы, Талас аудандарындағы құрылыстарда жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Барлық нысандарда студенттер арнайы жатын орындар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жастардың жұмыстан бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылуда, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен. «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясы «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени ашық аспан астындағы мұражайында құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жасақтарды бөлу кезінде Айжан Момышқызы осы нысанға түсіпті. «Қазір мұражайдың құрылысына 13 студент қатысуда. Жұмыс уақытысы азанғы 9.00-ден кешкі 17.00-ге дейін. Сенбі күні түскі 14.00-ге дейін жұмыс істеп, жексенбі күні демаламыз. Компания үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Айлық көлемі – 50000 теңге», – дейді ол. Жұмыс істеу үшін Талас ауданы Қаратау қаласына аттанған Нұрсұлу Умарова: «Мен студенттік құрылыс жасағына биыл қосылдым. Жұмыс аса қиын емес. Мұнда өңіріміздегі әр оқу орнынан жиналған студенттер бар. Уақтылы тамақ беріледі. Жатын орынмен қамтамасыз етілген. Кешкісін жастар жиналып әңгіме-дүкен құрамыз. Жазғы демалысымда жұмыс жасап қана қоймай, уақытымды да тиімді пайдаланып жүрмін. Бұйыртса келесі жылы да осы жасақпен жұмысқа келу ойымда бар,» – дейді.

P.S: Студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» еңбек жасақтары – жастар үшін табыс табудың тиімді жолы. Мұнда студенттер тек жұмыс жасап қоймай, уақыттарын да көңілді өткізеді. Үш ай бойы жұмыссыз үйде бос жатқаннан гөрі, пайдалы іспен айналысқанға не жетсін?! Әрі тәжірибе жинайды, әрі қалталары да бос болмайды.

Әзиза Әзімбекқызы, ТарМУ-дың студенті.