- Advertisement -

Апат ты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі

101

- Advertisement -

Брифингте Талас ауданындағы қол жеткен елеулі жетістіктер басты әңгіме арқауы болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының аудан бойынша орындалуы барысы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымжанов кеңінен әңгімелеп берді.
Баяндамашы бүгінде әлем назарын Астанаға аударып отырған ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне байланысты бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілгеніне де тоқталып өтті. Айрықша елеулі маңызға ие әлемдік деңгейдегі іс-шараға ауданның бір өзінен 5 мыңға жуық адамның қатысуы көзделген. Қазірдің өзінде 4058 билет өткеріліпті. Яғни бүгінде жалпы халық саны 54065-ті құрайтынын ескерсек, ауданның әрбір оныншы тұрғынының айтулы көрмені көріп, тамашалап қайтуына мүмкіндік туып отыр.
Қайрат Аманжолұлы бұдан әрі аудан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қысқаша сараптама жасап, тұрғындар арасындағы кедейшілік шегі – 0,2, жұмыссыздық деңгейі бірінші тоқсанға – 4,9 пайыз, орташа айлық жалақы мөлшері – 74720 теңге болғанын, ал биылғы қаңтар-мамыр айларындағы жалпы өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11 миллиард 982 миллион 300 мың теңгені құрап, 47,2 пайызға немесе 3842,6 миллион теңгеге өскенін атап өтті.
«Шолақтау» тау-кен өңдеу комбинаты, «Игілік» КМК, «Амангелді Газ», «Амангелді ГӨЗ», «Тalas Investmen Company», «Қаратау ПРО», «Атамекен Мрамор Көктал» ЖШС-тары секілді қуатты кәсіпорындардың табысты жұмыс істей бастауы өңірдің индустриялық аймаққа айналуы үрдісін жандандыра түскендей.
Үстіміздегі жылдың бес айы ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен құрылыс жұмыстарының орындалуы көлемі 100 пайызды құрап, біршама ілгерілеу байқалуда екен. Мысалы, тұрғын жайлардың пайдалануға берілген ауқымы былтырғыдан 6,8 пайызға өсіп, 170 шаршы метрді құраған. Салық түсімі былтырғы сәйкес мерзімге қарағанда 97,019 миллион теңгеге артық орындалып отыр екен.
Қазіргі таңда аудан бойынша 739 шаруа қожалығы нақтылы жұмыстар атқаруда. 5 уақ шаруа қожалығы өзара біріккен. Ірі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру одан әрі қарай жалғасуда. Баяндамашы есепті кезеңде шаруалар қолындағы мүйізді ірі қара малы – 6,2, қой-ешкі – 2, жылқы – 4,4, түйе – 7,7, шошқа 3 пайызға өскенін, мұның барлығы да мемлекеттік несиелеу бағдарламаларының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Қ. Рахымжанов, сондай-ақ биыл Қараой, Қасқабұлақ елді мекендерінде жаңа мектеп ғимараттарының құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, олардың іске қосылуымен апатты жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешілетінін жеткізді.
Ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1543 азамат кезекте тұр. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімінің қолдауымен Қаратау қаласындағы тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту ісі қызу қолға алынған екен. Биылдың өзінде 440 пәтерлік 6 көп қабатты үйдің құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдарды газдандыру және таза ауызсумен қамту ісі де өз жалғасын тауып отыр. Биыл елді мекендердегі төрт әкімшілік ғимаратына, үш мәдениет сарайына және екі клубқа «көгілдір отын» жеткізілмек. Ал «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 23 елді мекеннің 12-сі сумен қамту жүйелеріне қосылған. Бүгінде Қызыләуіт ауылына ауызсу жеткізу жұмыстары қолға алынып отыр.
Баяндамашы моноқалаларды дамыту аясында, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларында тындырылған тірліктерге де кеңінен тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарды.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support