Жобаларды жүзеге асыру жандана түседі
Жобаларды жүзеге асыру жандана түседі
Өңірімізге «Қазақинвест» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Біржан Канешев бастаған бірқатар компания өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді. Олар облыстық кәсіпкерлер палатасы мен инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік компаниясы» ҰК» АҚ-ның жұмысымен танысып, бірқатар инвесторлармен кездесу де ұйымдастырды. Осы күні түс қайта инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында облыстық тиісті басқармалар мен мемлекеттік мекемелер басшыларының қатысуымен жиын өтті. Оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып жүргізді. – Бүгінде облысымыз еліміздің экономикасы мен мәдениетін дамытуға қомақты үлес қосумен қатар, Елбасының инвестициялар тарту, өнеркәсіпті әртараптандыру және басқа елдермен әріптестік ынтымақтастық қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі тапсырмаларын нақты іс жүзіне асыруға барлық әлеуетін жұмсауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ел экономикасының басым бағыттарына тікелей инвестициялар тартумен айналысатын, «ҚазНекстИнвест» базасында құрылған «Қазинвест» компаниясынан біз үлкен үміт күтеміз. Облыс экономикасы да зор әлеуетке ие. Барлық салаларда компаниямен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы да жоғары деңгейде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, химия, туризм салаларында мүмкіндіктеріміз мол. Атқарар шаруаларымыз нәтижелі боларына сенеміз және «Қазинвест» компаниясының жұмысына толық қолдау білдіреміз, – деп атап өтті ол. Айта кету керек, жоғарыда аталған компания ел экономикасына инвестициялар тарту саласындағы мемлекеттік индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру және экспортты дамытып, ілгерілету өкілеттіктеріне ие. Шет мемлекеттерде де өз өкілдіктерінің желісін кеңейту үстінде. «Бір терезе» қағидаты аясында инвестициялық жобаларды идеядан бастап жүзеге асқанға дейін сүйемелдеу қызметтерінің ауқымды көлемін қамтамасыз етеді. Міне, осы тұрғыда сөз сабақтаған «Қазақинвест» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Біржан Канешев: – Мақсатымыз – шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, жалпы жұмыс жайын зерделеу, жұмыстары алға басуына қолбайлау болып жатқан кедергі, қиындықтардың бар-жоғына нақты көз жеткізіп, тиісінше шешімдер қабылдануына ықпал ету. Бүгінде Әулиеата өңірінде елге мыңдаған жұмыс орнын, қыруар инвестиция әкелетін ауқымды жобалар дайындалып жатыр екен. Инвестициялық қолдаумен ашылған, кедергі, қиындықтарға кез болып, бірқатар мәселелері шешімін таппай отырған жергілікті жердегі 5-6 компания басшыларымен кездесіп, мән-жайға қанықтық. Жалпы, облыста болашақта жүзеге асырылуы тиіс жиырмадан астам ауқымды жоба қарастырылып отыр. Олардың миллиардтаған теңге қаржы қарастырылған бюджеттері бар. Жобаларды сараптан өткізіп, бірінші кезекте дайын болғандарын өндіріске енгіземіз. Болашақта олардың барлығын да дайындап, инвесторлар тауып іске жұмылдыратын боламыз. Облыстың инвестициялық картасын дайындауымыз қажет. Бұл тұрғыда осы жиынның алдында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен кездесуіміз барысында ақылдастық. Басты мәселе, өңір басшысының ұсынуымен аймақтағы екі өкілімізді тағайындадық. Олардың атқаратын міндеттері, алға қойылып отырған мақсаттар түсіндірілді. Орталығымыз тарапынан жергілікті органдарға қандай жағдай болса да жасалатын болады. Шет мемлекеттерде де уәкілдеріміз бар, солар өңірлерге инвесторларды алып келіп, жоба иелерімен кездестіреді, келіссөздер жүргізілуіне ықпал етеді. Бұл тұрғыда инвесторлар үшін Елбасы тарапынан едәуір жеңілдіктер қарастырылуда. Ел өңірлеріндегі уәкілдеріміздің де көмегі мол болады деп сенеміз. Бізге осынау міндеттерді қысқа мерзім ішінде шешу тұрғысында тапсырма жүктеліп отыр. Біз бұл үдеден шығамыз деп нық сеніммен айта аламыз, – деп өздерінің алға қойып отырған міндет-мақсаттары жөнінде кеңінен тоқталды. Бұдан кейін «Қазақинвест» Ұлттық компаниясының атқарушы директоры Еркежан Әмірханова инвесторлармен жұмыс жүргізудегі негізгі қағидаттар мен ережелер жөнінде түсіндіріп, өңіріміздің әлеуеті мен мүмкіндігін атап өтті. Жиынды қорытқан Бекболат Серікбекұлы алға қойылып отырған ауқымды міндетті шешу жолдары қарастырылып, бірқатар мәселелердің талқыланғанын айта келе, облыс тарапынан инвестициялық қолайлы ахуал қалыптастыру бағытында бірлесе жүргізілер жұмыстар үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынына сенім білдірді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».