Барлығы да ұлт тың, ұрпақтың қамы
Барлығы да ұлт тың, ұрпақтың қамы
Динара КӘРІБАЕВА, облыстық ана мен баланы аялау орталығының бас дәрігері.
Бүгінде заман өзгерді, қоғам жаңарды. Дүниежүзі жаһандану үрдісін бастан өткеруде. Әлемде орын алып жатқан алуан түрлі оқиғалардан Қазақстан да шет қалмақ емес. Сондықтан саяси, экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне қадам жасау – мемлекет болашағын қамтамасыз ету екенін түсінуіміз керек. Елбасының әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Президенттің биылғы халыққа Жолдауының қоғамымыздан алар орны ерекше болып отыр. Онда, атап айтқанда, еліміздің жаңғыртудың Үшінші кезеңіне көшетіні мәлімделген. Елбасы, енді біз жаһандық экономиканың қауіп-қатерлеріне жауап беру үшін жаңа экономикалық модельді ойлап табуымыз қажет екенін және де осы модель жаңғыртудың Үшінші кезеңіне сай келіп, көптеген салалар қамтылуы тиістігін қадап айтты. Жалпы, Жолдауда келтірілген экономиканың негізгі өсімін қамтамасыз ететін тетіктерге келетін болсақ, алда шикізаттық бағыттан индустриалды бағытқа бет бұрып, сонымен қатар банктік сектор арқылы жеке меншік секторын дамыту міндеті тұр. Ең әуелгі салмақ та соған түспек. Бұл іске жаппай кәсіпкерлік мен бизнес- ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту мәселесінің де тигізер септігі мол. Әрине, экономиканың өсімі адам капиталының дамуынсыз алға ілгерілемесі белгілі. Сондықтан бұл мәселе білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ең негізгі стратегиялық шаралар жүйесінде қарастырылып отыр. Адами капиталдың әлеуетін арттыру үшін аталған салаларда көптеген реформалар жүзеге асырылуы қажет-ақ. Мұндай жұмыстар біртіндеп және үздіксіз жүргізіле де бермек. Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру, басқа да үдерістер табыспен жүзеге асады әрі еліміздің дамуына мол септігін тигізеді деп сенеміз. Себебі, мұны бәсекеге қабілеттілік факторы ретінде қарастыруға болады. Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденгенін және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады деп халыққа медициналық сақтандыру туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген. Осы аталып отырған тапсырманы жүзеге асыру біздің тікелей міндетіміз. Жолдауда, сондай-ақ үстіміздегі жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы көлемін 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға дейін арттыру және базалық зейнетақы тағайындауды 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асыру көзделген. Барлығы да ұлттың, ұрпақтың қамы екені даусыз. Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден екі есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек. Тағы бір атап өтерлік жай, биылғы жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға өсіруді және ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыруды ұсыну арқылы Елбасымыз бала мен ананың жағдайын да назардан тыс қалдырмай отыр. Бала – болашағымыз. Ана мен баланың денсаулығын қорғау, олар үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау бүгінде айрықша маңызға ие. Әйел-ананың денсаулық жағдайы жүктілік кезінде мұқият бақылауда болуға тиіс. Яғни болашақ нәрестенің қамы ол құрсақта жатқанында-ақ басталады. Нәрестені аман-сау дүниеге әкелуде мұның маңызы зор. Ашылғанына жиырма жыл толған облыстық ана мен баланы аялау орталығы, міне, осы бағытта жемісті жұмыстар атқаруда. Осынау жылдар ішінде орталықта 55 мыңнан астам келуші емдеу-сауықтыру ісімен қамтылыпты. Оның ішінде 43 пайызы – жүкті әйелдер. Мұнда негізінен шалғай ауылдарда тұратын көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен әйелдердің жүктілік кезеңі қалыпты өтуі жіті бақылауда ұсталынып, денсаулығы нығайтылады. Әсіресе, ана мен баланың бір-бірінен ажыратылмай емделуіне мейлінше қолайлы жағдайлар жасалынған. Сондай-ақ, дәрігерлік, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің дер мезгілінде оң шешілуі де басты назарда ұсталынады. Ал жүкті әйелдерді, аналар мен балаларды сауықтыру шарасымен қамту үшін іріктеу жергілікті жерлердегі емхана дәрігерлері күшімен жүзеге асырылады. Біздің облыстық, қалалық перинаталдық орталықтар мен басқа да емдеу мекемелерімен арамызда өзара тығыз байланыс орнықтырылған. Сондай-ақ, емделуші әйел-аналарды скринингтік ультра¬дыбыстық тексеруден өткізуімізге де мүмкіндігіміз бар. Әрбір емделуші ана мен баланың денсаулығына айрықша мән беріп, ұлт болашағы үшін одан әрі де жемісті еңбек ете беретін боламыз. Жолдауда айқындалып көрсетілген барлық мәселелерді дер мезгілінде нақты іс жүзіне асыруға, сөйтіп, еліміздің экономикалық-әлеуметтік хал-ахуалын көтеруге жанашырлықпен атсалысу – біздің басты борышымыз деп санаймыз.