1925 жыл. Париж. Экспо. Әміре
1925 жыл. Париж. Экспо. Әміре
жезтаңдай әнші Әміре Қашаубаев әлемге қалай танылды?
Қазіргі таңда Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтіп жатқаны белгілі. Осы орайда атақты әнші Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне Қазақстан тарихында бірінші болып қатысты. Бұл туралы Астана қаласында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Лаура Үсенбек мәлім етті. Оның айтуынша, КСРО делегациясы сол жылы ЭКСПО көрмесіне алғаш рет барған. Соған байланысты күллі одақ бойынша талантты өнер иелері Мәскеуге арнайы шақыртылып, шұғыл түрде әзірлік жұмыстары жүргізілген. 1925 жылы Семей қаласының халыққа білім беру бөліміне КСРО халық ағарту комиссары Луначарскийдің атынан: «Қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың Парижде өтетін Дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертінде өнер көрсету туралы келісімін күтемін. Жол шығыны төленеді. Өтетін уақыты – маусым, шілде айлары», деп жазылған жеделхат келген. Сол кезден-ақ мәдениет пен өнердің орталығы, сән әлемінің астанасы – Париж қаласында қазақтың домбырасын сөйлету, ән арқылы халқының дархан көңілін жеткізуге мүмкіндік алғанына Әміре, бір жағынан, қатты қуанса, екінші жағынан, үлкен жауапкершілікті сезінді. Бұрын домбыраның үнін естімеген, қазақтың халық әндерімен таныс емес Еуропа жұртшылығының қалай қабылдайтыны мазалаумен болды. Ақыры Әміре Париж сахнасына көтерілгенде, өзіне таңғала қараған мыңдаған адамның назарын байқады. Себебі басқалар сияқты онымен бірге шыққан оркестр, хор да болмады, оның орнына екі шекті домбырасын алды. «Әміренің даусы күннің күркірегеніндей кейде аспанды жерге түсіріп дүрілдеп, кейде баяу соққан желмен қозғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, сыбырлап кетеді» делінген Мәскеуде болған бүкілодақтық кеңестер құрылтайында шыққан аталған концерт жөнінде жазылған мақаланың бірінде. «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан» сияқты әндерді орындап, Еуропаны мойындатып, екінші жүлдемен марапатталады. Замандастары Әміренің әншілігімен қоса адамгершілік қасиеттерін ерекше еске алады. Ашулануды білмейтін, жолдастыққа риясыз жан болғандығын айтады. 1927 жылы ән мен күйдің дүниежүзілік байқауына Алманияның Майндағы Франкфурт қаласына барып, Париждегідей екінші орын алып қайтты. Әміре – Қызылордада ашылған қазақтың тұңғыш ұлттық театрының негізін қалаушылардың бірі. Сол кезде Қызылордада ішінде Әмірені қоса Иса Байзақұлы, Қалыбек Қуанышбайұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Құрманбек Жандарбекұлы, тағы басқасының өнерін тамашалауға шақырған жарнамалар жарияланды. Қазақ халқының әншілік өнерінің шырқау шыңы, ерекше дарын иесі Әміренің тағдыры өкінішпен аяқталды. Оған себеп – кеңестік жүйенің таққан жалған айыбы. Парижде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқаймен кездесуі оның болашағына балта шапты. Кеңестік делегация ішінде қазақтың бар екендігін білген М.Шоқай қонақ үйге келіп, Әміремен кездесіп, әңгімелесті. Әміренің қолы бос кезінде оған Парижді көрсетті. ОГПУ қызметкерлеріне осының өзі жеткілікті. Франциядан қуанышпен оралған Ә.Қашаубайұлына «М.Шоқайдың сыбайласы» деген айып тағылып, одан күн сайын жауап алып, соққыға жықты. Оның әріптестері мен достары Әміренің өмірінің соңғы он жылы азаппен өткендігін еске алады. Ашылып ешкімге тіс жармаса да, үнемі көңіл-күйі болмай, бет-аузынан соққының орындары анық байқалған. 1934 жылы 6 қарашада Алматы көшелерінің бірінде Әміренің өлі денесі табылды. Бір күннен кейін 7 қарашада Қазан төңкерісінің құрметіне болғалы жатқан Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының премьерасында басты рөлдің бірін орындау туралы арманы жүзеге аспады. Әміренің қазасы құпия болып қалды. Әміре Қашаубайұлы 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қайнар ауылында кедей отбасында дүниеге келді. Әкесі Қашаубай, анасы Тойған да әншілік өнерден қалыс қалмаған. Әміренің балалық шағы ауыл байының малын бағумен өтті. Қолы босағанда, ән айтып, даусын шыңдайтын. Әнші бала туралы ауыл-ауылдан естіп, кейін ол той-жиынның ортасынан табылды. Әкесі Семей қаласына көшу туралы шешім қабылдап, Әміренің өмірінде жаңа кезең басталды. Қала өмірі оның жан-жақты дамуына, саяси көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті. Семейде ашылған «Ес-Аймақ» атты қазақ жастарының ұйымына мүше болды. Осы кезде Әміреге кәсіби әнші болу туралы ой келсе керек. 1924 жылы әншілер арасында ұйымдастырылған байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Оның әншілік өнері бүкіл Қазақстанға кеңінен жайылып, Одақ, одан ЭКСПО-ға дейін жетті. Міне, арада тура 92 жыл өткенде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды. Бұл жолы көрме төрінде қазірдің өзінде талайды мойындатып үлгерген Димаш Құдайбергеновтей дарабоз талант ән салатын болады.
«ҚазАқпарат».