Мүгедек жігіттің тауы неден шағылды?
Мүгедек жігіттің тауы неден шағылды?
Тараз қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек жігіт Cаят Бәтей редакцияға келіп, мұңын шақты. Сөзін бөлмей тыңдадық. Ол облыс тұрғындарын азықтық және биологиялық құндылығы жоғары, емдік қасиеті мол азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында экономикалық жағынан тиімді ешкі сүтін ел игілігіне жаратумен қатар, оның қиынан экологиялық таза органикалық тыңайтқыш өндіретін еуроталапқа сай типтік шаруашылық құрудың ғылыми-эксперименттік, инновациялық жобасын жасапты. Жоба аса ауқымды. Он екі мүшесі сау адамдардың өзі тәуекел ететін шаруа емес. Рас, Саяттың жанында әкесі Асқарбек бар. Ұлының тірлік ашсам деген талабын құп көріп, қасында қамқор болып жүр. Саят облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қабылдауында болып, мәселенің мән-жайын айтып, өтінішін қалдырғанын да білеміз. Кәрім Нәсбекұлы облыс әкімдігі ауыл шаруашылық басқармасының басшысы А. Нұрәлиев пен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Д. Рымтаевқа мүгедек жігіттің жасаған жобасын несиелендірудің тиімді жолдарын қарастырып, шешуді тапсырған. Екі басқарманың басшысы да жоба иесіне тиісті ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс бағыт-бағдар беріпті. Бұл туралы осыдан екі ай бұрын жазғанбыз. Мәселе сүт фермасының құрылысын салу үшін жер сұрағанда тұйыққа тіреледі. Бізге Саят Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Б. Қазанбасовтың облыс әкіміне жазған өтініші бойынша қайтарған жауабын көрсетті. Онда аудан әкімінің орынбасары Жер кодексі талаптарын жан-жақты түсіндіре келе, сол жерден салынатын сүт фермасы құрылысының жобасын қоса ұсыну қажет екенін еске салған. Содан Саят ферма құрылысының құжатын жасату үшін талай жердің есігін қағады. Жеке азаматтарды да жағалайды. Біреу үш миллион теңге сұрапты. Тіпті, кейбір шенеуніктер «мүгедектігіңді міндетсінбе» деп жігерін құм қылыпты. «Аты-жөндері кім?» десек, «аға, олар мықтылар неғыласыз...» деп айтудан бас тартты. Біз, міне, болған жайды қаз-қалпында оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.