Жаңалықтар

жүрегі жұмсақ «жұлдыздар»

жүрегі жұмсақ «жұлдыздар»

Қазақ қашаннан қонақжай, досқа – адал, ағайынға – жанашыр халық емес пе?! Әсіресе, халқымыздың өнер адамдарына деген сый-құрметі ерекше екені белгілі. Оған дәлел ретінде бұрынғы өткен сал-серілер мен ақын-жырауларға деген елдің ерекше ықыласын айтуға әбден болады. Ауыл-ауылды аралап, серілік құрып жүрген сол өнер адамдарын еліміздің қай өңірінің тұрғындары болса да ыстық ықыласпен қарсы алып, олармен қимастықпен қоштасып жатты. Ал бүгінде сол өнерпаздардың жолын жалғап, халық қазынасын, өнерін көпшілікке паш етіп жүрген жүздеген әншілер мен әртістер бар. Әдетте, олар жайлы сан түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып, сын тағылып жатқанымен, сол жандарды сыйлап, қадір тұтпайтын адам жоқ. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында арнайы кештерін өткізіп, өнер көрсетіп жүрген Қазақстанға еңбегі сіңген көптеген әншілермен, әртістермен менің балам Ержан, күйеу балам Жеңіс пен қызым Гүлбағира, немерелерім Қуаныш пен Марат бірнеше рет дастархандас болып, араласып тұрады. Менің айтқым келгені, біздер «жұлдыз» санап, кейбіреулер оларды өркөкірек көретін сол өнерпаздар да қарапайым халық секілді сый-құрметті түсінетін, өздерін бағалаған жандар үшін аса қайырымды азаматтар екенін айтқым келеді. Солардың қатарында әртістер Нұржан Төлендиев пен Уәлибек Әбдірайымов, әншілер Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі де бар. Оларды осында келгенде сыйлап, күтіп жіберген менің балаларымды ұмытпай, Алматы, Астана қалаларында болатын концерттеріне шақырту жіберіп, сыйға-сый жасап тұрады. Ендеше, көпшілік үшін қол жетпес «жұлдыз» көрінетін сол азаматтардың да қайырымды, қарапайым азаматтар екенін де бір ескеріп қойғанымыз абзал.

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ, зейнеткер.

Меркі ауданы.