Тотыдайын таранған,сұңқардайын сыланған
Тотыдайын таранған,сұңқардайын сыланған
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңарған жамбыл өңіріне тамсанып қайтты
Өңіраралық кооперацияны дамыту мақсатында Ақтөбе облысының күндері Тараз төрінде өтті. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған ақтөбелік азаматтар тарихы тереңнен сыр шерткен Тараз төріне арнайы келіп, шаһардағы бірнеше мекемелерді аралап көрді. Мәртебелі меймандарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастап жүрді. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар алдымен Жамбыл атындағы Руханият үйіне келді. Зиялы қауым өкілдері жиі бас қосатын, қаламгерлердің ортақ үйінде меймандар тарихтан сыр шертетін фотосуреттер мен тарихи жәдігерлер орын тепкен сөрелерді аралап, ұлт руханиятының құнды қазыналарымен танысты. Мұнда Бердібек Машбекұлы бастаған қонақтар жыр алыбы Жамбылдан бастап атақты күйші Дина Нүрпейісова, күміс көмей әнші Күләш Байсейітова, ақын, композитор Кенен Әзірбаев, Балуан Шолақ, Ұлбике ақын, Бауыржан Момышұлы секілді ұлт руханиятындағы ұлы тұлғалардың суреттерімен, Ықылас Дүкенұлының қобызымен, «Атыңнан айналайын Әулиеата» атты тарихи картинамен және елдің, облыстың тарихынан сыр шертетін тың деректермен танысып, көп жайттан хабардар болды. Сондай-ақ ел басқарған тұғырлы тұлғалардың өмірінен сыр шертетін құжаттар мен фотошежіре, картиналар меймандарға үлкен әсер сыйлады. Қазақ хандығының тарихын бейнелейтін құнды картиналарға да назар аударды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қытай елінің Сиань қаласынан Таразға келген көш керуен туралы ақпаратқа қанық болған Бердібек Сапарбаев: «Ұлы той тұңғыш рет Тараз төрінде тойланды. Қытай жерінен шыққан бұл керуенді облыстың əкімі Кəрім Көкірекбаев тікелей өзі ұйымдастырғанын айта кеткен жөн», – деп өз пікірін білдірді. Бұдан соң облыс əкімі Кəрім Көкі рекбаевсөзалып: «Бұл орталықта облыстың зиялы қауым өкілдері жина лып, бас қо сып тұрады. Былайынша айтқанда, қаламгерлеріміз осында мəжіліс құрып, кеңесіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, орталық – руханияттың сақшысы», – деді Кəрім Нəсбекұлы өз ойымен бөлісіп. Осындай ілкімді істі қолға алып, қаламгерлерге барлық жағдайды жасай білген өңір басшысына Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаев ризашылығын жеткізді. Кейіннен қос облыстың əкімі бастаған арнайы топ Көне Тараз тарихи-мəдени орталығына арнайы келді. «Бұл жер бұр ы н базар болатын. Қазір қарасаң көз тоятын керемет орынға айналды. Ана жерде Достық үйі тұр. Сəл алысырақ шолу мұнарасы менмұндалайды. Былай жүрсеңіз ашық аспан астындағы мұражайды көресіз. Мұның бəрі Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында қолға алынды. Аз ғана уақытта соғылып бітті. Мұның бəрі үлкен қажырлы еңбек, – деді Бердібек Машбекұлы, өзімен бірге келген аудан əкімдеріне ойлы көзбен қарап. Соңыра Достық үйін аралап көріп, Тараз қаласында бой көтеретін 14 ықшам ауданның жобасымен танысты. Шолу мұнарасына шығып, тотыдай таранған Таразға сүйсіне қарады. Ашық аспан астындағы мұражайға соққан қонақтар табылған құнды жəдігерлерді қызыға тамашалады. Соңынан қос облыстың əкімі Қарахан баба кесенесіне соғып, баба рухына тағзым етті. Ақтөбе жерінен Таразға табан тіреген қонақтар қонақжай Тараз қаласының бүгінгі ажарын сүйсіне əңгімелесе, облыс əкімі мəртебелі меймандармен өзге де жоспарларымен бөлісіп, алғысын білдірді. «Көрдіңіздер ме, қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Бізге де қолға алуға болатын тірліктер бар екенін көрдіңіздер ғой?», – деп өз ойын ортаға салған Бердібек Сапарбаев, жаңашылдыққа ұмтылған тараздықтардың толайым тірліктеріне табыс тіледі.