- Advertisement -

Cенімді серік еткен «Cарысу»

267

- Advertisement -

сарысуБиыл ауданымыздың айнасы – «Сарысу» газетіне 80 жыл толып отыр. 1937 жылы 6 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан өңірлік басқару органы Сарысу ауданында газет шығару туралы шешім шығарып, 5 мамырда көлемі бір бет болатын газет латын әріппен теріліп, көркемделіп жарық көре бастады.
Аудандық газеттің жарық көруінің өзі бір тарих. Бұған дейін аудан орталығы Шаян ауылы болыпты. Байқадамға көшірілгені де сол кез екен. Редакторлық қызметті мойнына алған Ы.Оспанов баспаға қажетті жабдықтарды Шаян ауылынан Байқадамға түйеге артып жеткізген дейді білетіндер. Ұйымдастыру жұмыстары да оңай соқпапты. Кадрдың тапшы кезі. Техника да жоқ, бәрін жаяу жүріп атқаруға тура келіпті. Баспахана жабдықтары да талапқа сай емес еді. Қорғасын құю, әріп теру жұмыстары да қиынның-қиыны. Бұл елді жаппай сауаттандыру жүріп жатқан кез. Жаңа қоғамдық құрылысқа жұртты бейімдеу жауапкершілігі басылым қызметкерлеріне жүктелген.
Отызыншы жылдардың аяқ кезі, елде қуғын-сүргін, ұжымдастыруда да «асыра сілтеу» белең ала бастаған. Осы кезеңде жарық көре бастаған аудандағы жалғыз ақпарат құралы аудандық «Социалистік шаруа» газетінің қызметкерлеріне артылған жауапкершілік жүгі де жеңіл болған жоқ. Алғашқы газеттің сандары қолдан-қолға тез тарайтын. Бір газетті бірнеше адам жабыла оқитын және бір адам оқып көпшілікке түсіндіретін.
1960 жылы «Социалистік шаруа» газеті 4 бет болып бір аптада 3 рет шығарылатын болды. Газетте істейтін қызметкерлер саны да көбейіп, аудан көлеміндегі атқарылған істер кеңінен қамтыла бастағаны да сол кез. Даладағы қызу еңбекпен қатар газет өмірі де жандана түсті.
1963 жылы Сарысу ауданы Талас ауданына қосылып, «Социалистік шаруаның» орнына «Ленин жолы» газеті шықты. 1967 жылы Сарысу ауданы өз алдына бөлініп шыққанда аудандық басылымға «Октябрь таңы» атауы беріліп, қайта шыға бастады. Жаңа құрылған ауданның өмірі газет бетінде жаңаша көрініс тапқан еді. Осы кезеңде газеттің жандануына Д. Шалқарбаев, С. Шөжеев, Е. Ескендіров секілді қарымды қаламгерлердің қосқан үлесі зор. Бертін келе жетпісінші жылдарда редакцияға А. Дүйсенбаев, Ж. Шыныбеков, Б. Шамшиев, М. Ділдабаев, Ә. Әлмен, К. Бегулиев, Б. Нұрмаханов сынды талантты жастар легі келді. Сол жылдардағы газеттің редакторы Т. Мақашев аудандық газетті өрге сүйреді.
1991 жылы кеңестік жүйе күйрегенде аудандық газет те құрылымдық өзгерістерге ұшырады. 1992 жылы 11 сәуірден бастап бұрынғы «Октябрь таңы» газетіне «Молшылық» атауы берілді. Аты «Молшылық» болғанымен, редакцияның қаржылық тапшылық көргені де осы тұс. Сол кездегі газеттің редакторы Е. Дүйсенбаев аудандық басылымды сақтап қалу жолында бар күш-жігерін жұмсады. Газеттің таралымы күн санап төмендей бастады. Оқырман белсенділігі төмендеп кетті. Бұрын тек мемлекеттің қолдауымен шығып келген басылымдарға жаңа қоғамдық қатынастарға сай жаңа міндеттер жүктелді.
1997 жылы Жаңатас қаласы Сарысу ауданына қосылған жылдары да аудандық басылымның жағдайы жақсарған жоқ. Баспахананың ескі жабдықтары Саудакент ауылында қалып, енді өндіріске жаңа технология енгізу қажеттілігі туды. Міне, осы тұста сол кездегі бас редактор Ж. Миллионовтың белсенділігі ерекше көрінді. Аптасына бір-ақ рет шығатын газетті сақтап қалу да оңай шаруа болмады. Бас редактор Астанаға дейін барып, осы түйткілді шешуге күш салды. Редактор мәселені сол кездегі Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде көтерді. Соның арқасында Ақтөбедегі республикалық мемлекеттік полиграфия бірлестігінен көшіру аппараты, Қарағандыдағы республикалық аса ірі полиграфия бірлестігінен «Рамойор» офсеттік газет басу машинасы, Алматыдағы «Дәуір» газет-журнал корпорациясынан компьютерлік орталығы алынып, ауданға жеткізілді. 1999 жылдың 1 ақпанында Жаңатас қаласында жаңа атауға ие болған аудандық «Сарысу» газеті компьютер арқылы теріліп, беттеліп, редакцияның баспаханасында офсеттік басу машинасынан басылып шықты. Сол тұста газет жұмысын жандандыруда белгілі ақын, марқұм Ә. Әлмен, қазіргі аға тілшісі Ж. Жетенова елеулі үлес қосты.
2011 жылы газетке редактор болып Жамалбек Өзбеков келді. Газеттің мазмұнымен қатар сапасы және көркемдігі арта түсті. Журналистер Т. Әбілдаев, Ж. Жетенова Д. Үмбетиярова, К. Сүлейменова, Г. Байбосынова, С. Есқараев көп ізденіп, газетте жаңа айдарлар пайда болды. Сол арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі өзгерістер жан-жақты көрініс таба бастады.
– 2014 жылдан бастап аудандық газет түрлі-түсті болып аптасына екі рет шығып жүр. Ал сенбі күнгі шығарылымы тұрақты түрде сегіз бетке жеткен. Кейде 12-16 бетпен шығу тәжірибесі де қолданылды. Біздің басылым – аудандардың ішінде оқырманы көп газет. Қазір тиражымыз 4 мыңға жетті. Үш жыл бұрын республикада бірінші болып, өз газетімізді өзіміз тарату тәжірибесін қолға алдық. Әрине, ол оңайға соққан жоқ. Бірақ, шығармашылық пен шаруашылық істерін қатар алып жүру – уақыт талабы. «Қазпошта» қызметі жыл өткен сайын қымбаттауда. Сондықтан біз газет таситын 15 жаңа жұмыс орнын ашып, оқырманмен тікелей байланысқа шықтық. Бұл бір жағынан оқырмандарға да пайдалы. Себебі, жазылым бағасы республика бойынша біздің ауданда ең төменгі бағада. Алты айға жазылым – мың теңге көлемінде ғана. Қазір біздің бұл тәжірибемізді облысымыздағы Қордай және Талас аудандық газеттері де қолдана бастады, – дейді Жамалбек Өзбеков.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support