Тараз тағы да тең түсті
Тараз тағы да тең түсті
«Тараз» футбол-шылары оралдық «Ақжайық» командасына қонаққа барып, тартысты өткен ойында екі клуб та бір-бірін жеңе алған жоқ. Матчтың 26-минутында алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Изу Азука әуелете асырылған допты қақпа тоғыздығына дәл бағыттаған. Бірінші тайм соңына дейін аталған есеп өзгерген жоқ. Ойынның екінші жартысында жерлестеріміз есепті теңестірді. Тараздықтар 54-минутта әдемі комбинация ұйымдастырып, оның нүктесін 19 жастағы Бақтияр Зайнутдинов қойды. Таблодағы көрсеткішті теңестірген жамбылдықтар жаппай алға ұмтылған. Қарсылас қақпасына үсті-үстіне аямай шабуыл жасады. Сондай қарбалас сәттердің бірінде «Ақжайық» футболшысы ойын тәртібін бұзып, төреші айып добын белгіледі. Допты шірене тепкен украиналық шабуылшы Максим Фещук қақпа торын тулатты. Бұл – матчтың 65-минуты болатын. Өзіне керекті голды салған жерлестеріміз аздап саябырсыған. Өкінішке қарай, «Тараз» футболшылары жеңісті есепті ұстап тұра алған жоқ. Кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда төреші жамбылдық клубтың қақпасына пенальти белгіледі. Өз мүмкіншілігін оралдық Изу Азука мүлтіксіз орындап, есепті теңестіріп кетті. Бұл есеп «Тараз» клубы үшін чемпионаттағы 5-ші тең ойын. Жерлестеріміз 17 ұпаймен турнир кестесінің 8-орнында келеді. Келесі турда «Тараз» футболшылары «Атырауға» қонаққа барады.
Абай ОТАР, «Ақ жол».